Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауда тұрғындар тарапынан ауыз су, газ, тұрғын үй, жер қатынастары және жайылым жер мәселелері көтерілді.
Атап айтқанда, кейбір ауылдық округтердің тұрғындары ауыз су тапшылығы мен елді мекендерге газ жеткізу қажеттігін сөз етсе, тағы бірқатары жалдамалы тұрғын үйлерді газдандыру жайын көтерді. Сондай-ақ, Ескі Иқан көне қалашығы аумағындағы жер телімдерінің жеке тұлғаларға беріліп кеткендігі жөнінде шағым айтылды. Ал Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны жайылымдық жерге заңсыз салынып жатқан құрылысқа қатысты мәселе қозғады.
Аудан әкімі көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір мәселе бойынша жауапты органдар белгіленіп, шешу жолдары көрсетілді.
  Мақсат Таңғатаров өз сөзінде:
«Тұрғындардың көтерген әрбір мәселесі назардан тыс қалмайды. Біз үшін ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Ауыз су мен газ мәселесі, жер қатынастары және жайылымға қатысты түйткілдер – аудан әкімдігі күн тәртібіндегі басты бағыттар. Барлық өтініштер бақылауға алынып, заң аясында шешімін табады», – деді.
