Түркістан облысында ауыл шаруашылығы – экономиканың басты тіректерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бұл салада жүйелі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелер беріп келеді. Биылдың өзінде агроөнеркәсіп кешеніне 121 млрд теңге инвестиция тартылып, өңір республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан экономикасының локомотиві
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға дамып, жаңа белестерге көтерілуде. 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сай, өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру көзделген. Бұл міндетті орындау жолында тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктері тынымсыз еңбек етуде.
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтиже беруде. Жалпы өнім көлемін ұлғайту бойынша осы жылдың 8 айының қорытындысымен нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 9 айда жалпы өнім көлемін 104,3%-ға ұлғайту жоспарлануда.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді. Бүгінде нақты 59 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектар ендіру жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын, заманауи агроинновацияларды енгізу маңызды. Бұл әдістер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін 1649ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1 379 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9%-ды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17 487 бірлікке жетті. Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің сыйымдылығы 2 200 тонна, Сайрам ауданында «Shagur agro group» ЖШС-нің сыйымдылығы 2000 тонна, Шардарада «Батырхан ата» ШҚ-ның сыйымдылығы 2200 тонна жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық, Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылады. Одан бөлек, биыл «БНК Агро КЗ» ЖШС-нің «Тауарлы сүт фермасын 800 басқа кеңейту» жобасы іске қосылды. Ал келесі жылы Төлеби ауданында «Азия милк» ШФҚ-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар «Сарыағаш құс» ЖШС іске қосылды. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын трейд» ЖШС-ның жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыруға АӨК жобаларын несиелендіру бағдарламасымен 5 млрд. теңге бөлінбек. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдынғы қатарда. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешеніне 121 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Инвестиция көлемін 9 айдың қорытындысымен 152,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1 орында немесе үлесі – 13,7%. Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 487,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.
Ет өндіру көрсеткіші 122,9 мың тоннаны құрады. Мал етін өндірудің едәуір үлесі Сайрам және Қазығұрт аудандарының шаруашылықтарына тиесілі. Ал сиыр сүтінің өнідірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,7% артса, тауық жұмыртқасының өндірісі 5,7%-ға өскен. Облыстың ауыл шаруашылығын дамуына бағытталған инвестиция көлемі 97620,6 млн. теңгеге жетіп, өсім 140,3%-ды құрады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 53,6% артып, 23343,4 млн. теңгені құраған.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік қолдаулар мен жеке инвестициялар нәтижесінде жаңа технологиялар енгізіліп, өнімділік артты. Бұл өз кезегінде өңір халқының әл-ауқатын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен серпін беріп отыр.
Ауыл – ел бесігі. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының дамуы – бүкіл ел экономикасының тұрақты даму кепілі болмақ.
