Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНДА ДЕМЕУШІ ЕСЕБІНЕН 5 ЕЛДІ МЕКЕНДІ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНДА ДЕМЕУШІ ЕСЕБІНЕН 5 ЕЛДІ МЕКЕНДІ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Daismedia.kz

Түркістан облысы, Созақ ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Созақ ауданы әкімдігі және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл тұрғындарының қуанышына себеп болды. Сондай-ақ мұнда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке дейін жетті. Бұрғылау техникасы жұмысын Қызылкөл және Құмкент ауылдарында жалғастырады. Бұл елді мекендерде 350 метр шамасында ұңғыма қазу жоспарлануда.

Одан бөлек, Қаратау және Қарақұр ауылдарында алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ.

Айта кетейік, бұл елді мекендерде жаз айларында ауыз су көлемі азайып, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Осыған орай аудан басшысының ұсынысын қолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамаға өз үлесін қосуда.

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен толық қамту бағытында жүйелі әрі қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Аталған жоспар аясында 41 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынса, халық саны 200-ден аспайтын 29 елді мекенге кешенді блок-модульдер орнату көзделген.

Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтуға арналған 129 нысанның құрылысына ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен қажетті қаражат бөлінді. Осы нысандардың 65-і ағымдағы жылы, ал 64-і келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 32 нысанда жүргізіледі. Соның нәтижесінде 12 елді мекен ауыз суға қосылады. Атап айтқанда: Сарыағаш ауданында – 2, Отырар ауданында – 1, Төлеби ауданында – 1, Келес ауданында – 4 және Созақ ауданында – 4 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту мақсатында Бәйдібек – 1, Арыс – 1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас – 1 және Шардара – 1 елді мекендерінде жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 3 және Арыс қаласындағы 3 шағын ауданда су құбырларын тарту, суаққы және резервуарлар салу жоспарланған.

Сайрам ауданына қарасты Жібек жолы елді мекенінде ескі су жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, толық жаңартылады. Бұған қоса, 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 36 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары, су мұнаралары мен қолданыстағы су ұңғымалары қалпына келтірілетін болады.

You may also like

Leave a Comment