Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыс аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушылармен мәжіліс өткізілді. Жиынға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың мемлекетке салық төлеу мәселелері қаралды. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы м.а. Қанат Шонбасов өз баяндамасында кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлемей отырғанын атап өтті. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың басқа өңірлерде тіркеліп, салықты сол жақта төлеуі облыс бюджетіне түсетін түсімдерді азайтып отырғанын айтты. Осыған орай, компанияларды Түркістан облысына тіркеудің маңыздылығы көтерілді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жиналғандарға салықтық міндеттемелер және есептілікті уақытылы тапсыру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, салық төлемеген жағдайда заңнамаға сәйкес айыппұл салынатындығы ескертілді.
Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев өз сөзінде жер қойнауын пайдалануға қатысты заң талаптарын түсіндіріп, заң шеңберінде кәсіпорындарға кеңес беруге және туындаған мәселелердің шешімін табуға дайын екендігін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысымен барлық жер қойнауын пайдаланушыларға бір ай мерзім ішінде салық төлемдерін өтеу міндеттелді. Сонымен қатар келесі айдың екінші жартысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша тағы бір рет кеңейтілген отырыс өткізіліп, мәселе қайта қаралатындығы хабарланды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді арттыру, жер қойнауын тиімді және заң аясында пайдалану, сондай-ақ өңірлік экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері Түркістан облысы аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 198 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген болатын. Оның 74-і – келісімшарт негізінде, ал 124-і – лицензия негізінде жұмыс істейді. Алайда, келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерін орындамаған 24 жер қойнауын пайдаланушының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығымен маусым айында өткен жиында айтылған еді.
Жиын барысында жер қойнауын пайдалану мәселелері кеңінен қарған болатын. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың айтуынша, өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 8 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты өңірдің әлеуметтік дамуына арналған төлемдерді міндеттеу бойынша сотқа талап-арыз жолданған. Сонымен қатар, 12 жер қойнауын пайдаланушыға ескертпе хаттар жіберілген.
Аталған жиында кен орындарының орналасқан аумақтарына кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шара жоспарын бекіту ұсынылған. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жауапты тұлғаларға заңсыздықтардың алдын алу, мониторинг жұмыстарын күшейту және зерделеу іс-шараларын тұрақты жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Сондай-ақ, сол жиында Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бегімхан Ахметов Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері бойынша есеп берген еді. Оның айтуынша, өңірде құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне байланысты топырақ, құм және қиыршық тасқа сұраныс артып, заңсыз жер қойнауын пайдалану деректері жиілеген. Жыл басынан бері осындай 155 заңсыз пайдалану фактісі анықталып, жинақталған материалдар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне жолданған болатын.
Заңсыз әрекеттер әсіресе Ордабасы, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында жиі тіркелген. Бұл бағытта Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау тобы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде 21 өз бетінше заңсыз қазу, 12 заңсыз тасымалдау дерегі анықталған болатын. Бақылау шаралары жыл аяғына дейін жалғасын табатыны ескертілген болатын.
Өткен жылы Түркістан облысында заң талаптарын орындамаған 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мен лицензиялары мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар, міндеттемелерін толық орындамаған тағы 38 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты келісімшартты тоқтату туралы ұсыныс Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданды. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында болды.
– Жер қойнауын және карьерлерді пайдалануда заң талаптарын сақтамаған компанияларға қатаң шара қолдану қажет. Құқық қорғау органдары батыл әрекетке көшуі керек. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды өткен жылдың өараша айында өткен аппарат отырысында.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндадыған болатын. Оның айтуынша, облыс аумағындағы өзен-көлдердің су қорғау белдеуінде, сондай-ақ елді мекендерге жақын орналасқан жерлерде заңсыз жұмыс істеген кәсіпорындардың лицензиялары мен келісімшарттары тоқтатылған. Бұдан бөлек, Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан стратегиялық маңызы бар «Бу газ қондырғысы құрылысы» айналасындағы кен орындарының жұмысын тоқтату жұмыстары заң аясында жүргізілген.
Аймақ басшысы жауапты органдарға жер қойнауын пайдаланушылардың кемшіліктерін заң аясында жоюды және жерді қалпына келтіру жұмыстарын міндеттеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, заңсыз пайдаланылып жатқан нысандар бойынша нақты шаралар қабылдауды жүктеген. Заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында құрылған мобильді топтар мен ішкі істер органдарына рейдтерді күшейту тапсырылды.
2023 жылы жер қойнауын пайдаланушылардан Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,996 млрд теңге көлемінде төлем түскен. 2024 жылы 2,2 млрд теңге жоспарланып, жыл соңында 897,1 млн теңге түскен. Жылдық жоспардың толық орындалатыны айтылған болатын.
Басқарма тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың заң талаптарын сақтауына тұрақты бақылау жүргізілді. Маркшейдерлік тексерулер нәтижесінде 62 кен орнында түрлі заңбұзушылықтар анықталып, оның ішінде 17 кәсіпорын өз еркімен келтірілген шығынды өтеген. 4 кәсіпорынға қатысты сотқа талап-арыз жолданса, 41 кәсіпорынның ісі облыстық жер ресурстары департаментіне жіберілген болатын.
Аталған аппарат мәжілісінде облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтбаев заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл басынан бері 204 заңсыз пайдалану дерегі тіркелгенін баяндаған. Оның 200-і бойынша құжаттар Экология департаментіне жолданып, 91 әкімшілік іс қаралды. Нәтижесінде 2,2 млн теңгеден астам айыппұл салынып, оның басым бөлігі өндірілген. 107 іс қаралу үстінде екенін, олардың көбі Сауран, Сайрам және Қазығұрт аудандарына тиесілі болғанын, сонымен қатар, өз бетінше жер қойнауын пайдалану бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын жеткізіп, арнайы тұраққа 178 жүк көлігі мен 43 техника қойылғанын мәлімдеген болатын.
Заңсыз жер қойнауын пайдаланумен күресті күшейту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл алгоритмі бекітілген-ді.
Айта кетейік,өткен жылы Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың қызметі 80 келісімшарт пен 111 лицензия негізінде жүргізілген болатын.
