Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылдық округі аумағында қуаттылығы 5 мегаватт болатын шағын электр станциясы жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған.
Бүгінгі таңда, жобаға қатысты құжаттар рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі — жоба аумағына апаратын жол мен көпір құрылысы басталып кетті.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысымен танысу үшін арнайы барып, жұмыс барысын пысықтады. Жергілікті билік тарапынан жобаның сапалы әрі уақтылы іске асырылуы басты назарда екені атап өтті. Аудан әкімі «Ынтымақ» АӨК өкілі Қалыбеков Бекжанмен кездесіп, жобаның алдағы жоспарлары мен іске асу кезеңдерін талқылады.
Айта кетсек, аталған жоба іске қосылғаннан соң өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында құны 800 млрд теңге болатын бу-газ электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық қуаттылыққа шыққаннан кейін 926,5 МВт электр энергиясын өндіреді.
Электр станциясын «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы – «ПГУ Түркістан» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаны Оңтүстік Кореяның Doosan Enerbility және Қазақстанның Bazis Construction компаниялары бірлесіп іске асырады.
Құрылыс ерекшеліктері:
Газ турбиналарын Siemens Energy (Германия) жеткізеді.
Бу турбиналары Doosan Skoda Power (Чехия) компаниясынан.
Қазандық жабдықтары Италиядан әкелінеді.
Трансформаторлар Asia Trafo (Қазақстан) компаниясынан.
Жоба үшін 60 гектар жер бөлінген. Құрылысқа 11 компаниядан 2500 адам тартылған, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Құрылыс аяқталғаннан кейін 300-400 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қосымша инфрақұрылым:
Электр станциясын газбен қамтамасыз ету үшін магистральды газ құбыры салынып жатыр. Жеке жер телімдерін сатып алу жұмыстары жүргізілген. Болашақта станция маңында индустриялық парк құру жоспарлануда.
Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК):
Елдегі ЖЭК үлесі 6,43%-ға жетті. Оның ішінде:
Жел электр станциялары – 4 513 млн кВт/сағ.
Күн электр станциялары – 1 889,59 млн кВт/сағ.
Шағын су электр станциялары – 1 177,13 млн кВт/сағ.
Биомассалық электр станциялары – 1,58 млн кВт/сағ.
Бұл жоба Түркістан облысының 2 миллионнан астам тұрғынының электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етеді және өңірдің экономикалық дамуына серпін береді.
