Home Жаңалықтар ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ: ТҮРКІСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ: ТҮРКІСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Daismedia.kz

Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің экономикалық кеңістігінде жаңа серпінмен дамып, өндірістік әлеуеті артып, инвестициялық орталық ретінде қалыптасып келеді. Бұл – стратегиялық мақсаттарға негізделген жүйелі жұмыстың, аймақтың табиғи және адами ресурстарын тиімді пайдалану нәтижесінің айқын көрінісі.

Облыстың өндірістік саласын дамыту – өңір экономикасының тірегіне айналып отыр. Түркістанда өнеркәсіп пен индустрияны өркендетуге басымдық беріліп, жаңа кәсіпорындар ашылуда, шетелдік инвестициялар тартылуда, арнайы индустриялық аймақтар құрылуда.

Индустриялық аймақтар – тұрақты даму негізі

Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 2 443,2 гектарды құрайтын 19 индустриялық аймақ толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, қосымша 580 гектар жерді қамтитын 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар да іске қосылған.

Бұл алаңдарда 42,4 млрд теңгені құрайтын 52 кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Ал қазіргі уақытта жалпы құны 195,4 млрд теңге болатын 57 жоба құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар болашақта өңір экономикасына тың серпін беріп, жаңа өндірістік белестерді бағындыруға негіз қаламақ.

«Шағын өнеркәсіптік парк» – өңірлік кәсіпкерлікті қолдау үлгісі

Түркістан облысында алғаш рет қолға алынған «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы – жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ірі бастама. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын бұл кешен екі кезеңмен жүзеге асырылады.

Жобаның аясында 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 млрд теңге инвестиция тарту және 5 840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде 11 жоба іске қосылып, 790 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Бұл өз кезегінде 136,8 млрд теңге инвестиция тартуға және 1 950 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Осы жобаның табысты жүзеге асуының нәтижесінде, аталған үлгі облыстың басқа аудандарында да кеңінен қолданылуда. Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жаңа өндірістік парктердің құрылысы басталды. Мәселен, Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркі салынуда. Қазірдің өзінде 5 кәсіпкер өз жобаларын осы алаңда жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр.

Сауран ауданында Иассы, Қарашық, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында 105 ғимаратты қамтитын 4 өндірістік алаңның құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Инвестициялық тартымдылық – өрлеудің қозғаушы күші

Түркістан облысының экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – инвестиция тарту саласындағы жетістіктер. 2018 жылдан бері облысқа тартылған инвестиция көлемі 4,2 есеге өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш облыс құрылған кездегі 314,1 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсетеді.

2024 жылдың өзінде өңірге 387,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 199,3 млрд теңгесі – жеке сектордан, 128,7 млрд теңгесі – мемлекеттік қаржы есебінен.

Түркістан халықаралық бизнес картасында да өз орнын табуда. Өткен жылы тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 144,2 млн АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар 245%-ға орындалды.

Инвестициялық серпінділік алдағы кезеңде де сақталады. 2025–2028 жылдарға арналған жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 110 жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалар нәтижесінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал 2024 жылдың өзінде 57 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 6 908 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ірі халықаралық жобалар – өңір экономикасының жаңа белесі

Халықаралық серіктестік бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, Қытайдың «AVATAR AGRICULTURAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісімге қол жеткізілді. Жобаның құны – 5 млн АҚШ доллары, ай сайынғы өндіріс қуаты – 600 дрон.

Сондай-ақ, «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясының қатысуымен жылына 140 мың дана тоңазытқыш өндіретін зауыт іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 60 млн еуро. Бұл – жаңа технологиялар мен инновацияларды өңірге тартудың нақты нәтижесі.

Созақ ауданында жүзеге асырылатын фосфоритті өңдеу зауытының құрылысы да – аса маңызды бастама. Құны 140 млрд теңге болатын зауыт жылына 1,6 млн тонна өнім шығарып, 1 000 адамды жұмыспен қамтиды.

Энергетика – тұрақты дамудың кепілі

Өндірістік өсім энергиямен қамту мәселесін де өзекті етті. Осы мақсатта қуаты 2,4 гигаватт болатын алты ірі энергетикалық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында:

Сайрам ауданында – 1000 МВт бу-газ станциясы;

Түлкібас ауданында – 320 МВт газ турбиналы станция;

Кентау қаласында – 240 МВт газ турбиналы станция;

Бәйдібек ауданында – 350 МВт жел электр станциясы;

Сауран ауданында – 300 және 185 МВт күн электр станциялары бар.

Бұл жобалар өңірдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің энергетикалық теңгеріміне де үлес қоспақ.

Түркістан – бүгінде тек тарихи-мәдени мұрасымен ғана емес, қарқынды дамып жатқан экономикалық, өндірістік және инвестициялық әлеуетімен де ерекшеленетін өңір. Соңғы жеті жылда қол жеткізілген жетістіктер – мақсатты реформалар мен болашаққа бағытталған нақты қадамдардың жемісі.

Облыстың өндірістік өрлеуі – еңбек пен жаңашылдықтың тоғысуы, инвестициялық серпін – өңір халқының әл-ауқатын арттыру жолындағы берік негіз. Түркістан – уақытпен үндескен, ұлт болашағымен үйлескен тарихи бетбұрыстың нағыз көрінісі.

You may also like

Leave a Comment