Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауданға қарасты бірнеше елді мекенде жаңа су жүйелері тартылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.
Жібек жолы елді мекенінде – ауқымды жоба
Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында елді мекен Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосылады. Бұл – ауылдағы ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған маңызды қадам.
Құрылыс жұмыстарын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «FS Development Group» ЖШС атқаруда. Жобаның жалпы ұзындығы — 91 шақырым. Қазіргі таңда су құбырларын тарту толық аяқталып, Р-1 магистралдық құбырына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, су қоймасы мен қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылған. Құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалды.
Сарысу елді мекені: жұмыс қарқыны жоғары
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауымен жүргізіліп жатқан тағы бір нысан — Дарбаза ауылдық округіндегі Сарысу елді мекені. Мұндағы ауыз су жүйесінің құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталған. Қазірдің өзінде 10 шақырым су құбыры тартылып, жобаның 70 пайызы аяқталған. Аудан басшысы нысанда болып, құрылыс сапасына жіті назар аударып, жұмыстарды уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Тасқұдықтағы құрылыс желтоқсанда аяқталмақ
Әлімтау ауылдық округіндегі Тасқұдық елді мекенінде де ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс биылғы сәуір айында басталған, ал аяқталуы желтоқсан айына жоспарланған. Қазіргі таңда 2200 метр су құбыры тартылып, 650 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарын үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір тиімді жоба.
Достық пен Төңкерісте – жаңа су және электр желілері
Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекенінде де ірі жоба жүзеге асырылуда. Мұнда 500 текше метрлік су қоймасы, сорғы станциялары, қуаттылығы 63 кВт болатын трансформатор және жалпы ұзындығы 63,4 шақырымды құрайтын су құбыры салынуда. Құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.
Сондай-ақ, осы округтегі Төңкеріс елді мекенінде сапалы электр желілері тартылуда. Жобада 7,6 шақырым электр желісі, 169 бағана және 4 трансформатор орнатылған. Қазіргі таңда жұмыстардың 95 пайызы орындалған. Аудан басшысы бұл нысандарға да арнайы барып, құрылыс сапасы мен кестеге сай орындалуын қатаң бақылауға алды.
Ауыз сумен қамту – басым бағыт
Сарыағаш ауданы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы және экономика саласында маңызды рөл атқаратын ірі аудандарының бірі. Алайда, мұндағы елді мекендердің көпшілігі әлі күнге дейін таза ауыз суға толықтай қол жеткізбеген. Бұл – тек тұрмыстық жағдайға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да әсер ететін өзекті мәселе. Осыған байланысты ауыз сумен қамту – облыс әкімдігі мен аудандық басқару органдарының басты назарындағы мәселе болып отыр.
Қазіргі кезде қолға алынған жобалар мен құрылыс жұмыстары – бұл бағыттағы маңызды әрі тиімді қадамдар. Су жүйелерін жаңарту, ұңғымалар бұрғылау және тазарту нысандарын салу арқылы аудан халқын таза ауыз сумен қамту деңгейі едәуір жақсарады.
Сарыағаш ауданында жүргізіліп жатқан ауыз су және инфрақұрылымдық жобалар – ауданның әлеуметтік дамуына серпін беретін стратегиялық бастамалар. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ауылдық аймақтарда қолайлы тұрмыс қалыптастыруға бағытталған. Әрине, жобаларды сапалы әрі уақытында аяқтау үшін қаржы мен күш-жігер қажет. Дегенмен, атқарылып жатқан нақты істердің нәтижесінде Сарыағаш ауданының болашағы айқын және жарқын болмақ.
