Home Жаңалықтар СУ РЕСУРСТАРЫН САҚТАУ: ӨНЕРКӘСІПКЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАПТАР

СУ РЕСУРСТАРЫН САҚТАУ: ӨНЕРКӘСІПКЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАПТАР

Daismedia.kz

2027 жылға дейін өнеркәсіп кәсіпорындары суды қайта және айналмалы пайдалану жүйесіне көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Қазақстанда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау бағытында жаңа нормативтік талаптар енгізілуде. 2023 жылы қабылданған жаңа Су кодексіне сәйкес, өнеркәсіп және жылу энергетикасы саласындағы барлық кәсіпорындар 2027 жылдың 10 маусымына дейін суды қайта және/немесе айналмалы пайдалану жүйелеріне көшу бойынша арнайы жоспар әзірлеп, ұсынуы тиіс. Бұл жоспар – арнайы су пайдалану рұқсатын алу үшін негізгі және міндетті талаптардың бірі болып отыр.

Жоспар бекітілген күннен бастап бес жыл ішінде толық іске асырылуға тиіс. Бұл талаптар бұрыннан суды үнемдеу технологияларын қолданып келе жатқан, сондай-ақ судың ысырап болуын барынша төмендеткен мекемелерге қолданылмайды.

Сонымен қатар, егер кәсіпорын өнеркәсіптік тұтынушыларға су жеткізу қызметін көрсететін болса, жасалатын келісімшарттарда су тұтыну мен су бұрудың меншікті нормаларын әзірлеу және ұсыну міндетті түрде көзделуі тиіс. Аталған нормалар бес жыл мерзімге есептеледі және артық су шығынын қысқартуға бағытталады. Бұл – арнайы су пайдалану рұқсатын алу рәсімін жеңілдетуге де септігін тигізеді.

Егер кәсіпорындар осындай жоспарларды мүлде әзірлемесе немесе қабылданған мерзім ішінде жүзеге асырмаса, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты бассейндік инспекциялар бұл мекемелерге арнайы су пайдалану рұқсатын беруден немесе оны ұзартудан бас тартуға құқылы.

Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бұл талаптар жай ғана формалдық емес, нақты заңдық міндеттемеге айналды. Жаңа кодекс алғаш рет су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыратын құқықтық механизмдер ұсынды және су қорын сарқылудан қорғауға бағытталған құқықтық жүйе қалыптастырды. Бұл шаралар елдің су саясатының стратегиялық мақсаттарымен толық сәйкес келеді.

Су ресурстарын сақтау – тұрақты дамудың негізі

Су ресурстарын сақтау мен тиімді пайдалану – экологиялық қауіпсіздік пен орнықты дамудың басты бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы негізгі іс-шараларға төмендегілер жатады:

су үнемдейтін технологияларды енгізу;

суды пайдалану процесін оңтайландыру;

су экожүйелерін қорғау және қалпына келтіру;

судың ластануын болдырмау;

халық арасында суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

Суды тиімді басқарудың маңызды элементтерінің бірі – судың топыраққа сіңіп кетуін болдырмайтын, тиімді тасымалдануын қамтамасыз ететін арналарды пайдалану. Сондай-ақ ағынды суларды қайта пайдалану, суармалы жерлерде тиімді суару әдістерін қолдану, егістік жерлерде судың артық ағып кетуін және тереңге сіңуін азайту, суды тұрмыстық деңгейде үнемдеу шаралары қолға алынуы қажет.

Су ресурстары – өмір сүрудің және дамудың өзегі

Су – тіршіліктің негізі ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен әділеттіліктің де маңызды факторы. Судың қол жетімділігі мен санитарлық тазалығы:

денсаулық сақтау және санитарлық-гигиеналық нормаларды қамтамасыз ету;

ауыл шаруашылығының дамуы;

өнеркәсіптік өндірістің тұрақты жұмысы;

халықтың күнделікті қажеттіліктерін өтеу сияқты салалар үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді басқару биологиялық әртүрлілікті сақтау мен экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етудің шешуші элементі болып табылады. Судың ластануы немесе оны жауапсыз қайта пайдалану экожүйелерге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Су тапшылығы – болашақтың өзекті мәселесі

Халық саны мен экономиканың өсуіне байланысты, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы жылына 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл – ел алдында тұрған елеулі экологиялық және экономикалық қауіп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су шаруашылығы саласын дамытудың маңызын ерекше атап өтті. 2023 жылы елімізде су ресурстарын басқару жүйесіне кең ауқымды реформалар жүргізіліп, арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

Жаңа құрылым шеңберінде бірқатар маңызды жобалар қолға алынды, олардың қатарында:

Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су көлемін 2027 жылға қарай 27 текше шақырымға дейін ұлғайту;

Жайық өзенінің трансшекаралық бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру;

8 жаңа су қоймасын салу.

Қазақстан су ресурстарын сақтау мен тиімді пайдалануды ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық басымдығы ретінде қарастырып отыр. Жаңа Су кодексі мен оған сәйкес енгізілген заңнамалық нормалар суды үнемдеу, оның ластануын азайту және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында нақты құқықтық тетіктер қалыптастырады. Бұл қадамдар еліміздің экологиялық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экономикалық өсімге де оң ықпал ететіні сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment