Түркістан қаласында маңызды жиын өтті. Бұл жолы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын талқылау үшін бас қосты.
Кеңейтілген кездесуге ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға ҚР Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов бастаған кәсіпкерлер, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жалпы жиынға 200-ге жуық адам жиналды.
Салық жүйесі жеңілдейді, бизнеске қолдау күшейеді
Жиын барысында қатысушылар салық саясатын жетілдіру, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан салық реформаларының маңыздылығына тоқталды. Ол шағын және орта бизнесті қолдау, артық салық ауыртпалықтарын азайту және жаңа кәсіп бастайтын азаматтарға жеңілдіктер ұсыну — басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Жаңа Кодексте қандай өзгерістер бар?
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жиын барысында жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жаңа құжатта салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтар қарастырылған. Атап айтқанда:
Салықтық есептілік көлемі 30%-ға қысқарады;
Салық түрлері 20%-ға азаяды;
Салықтық жеңілдіктер қайта қаралып, оңтайландырылады;
Дифференциалды салық ставкалары енгізіледі;
Инвестициялық белсенділікке қолдау күшейтіледі;
Сән-салтанат тауарларына салық жүктемесі артады.
Сондай-ақ, арнайы салық режимдеріне өзгерістер енгізіліп, қосылған құн салығы бойынша жаңа тәсілдер ұсынылды. Салық әкімшілендіру процесі жеңілдей түспек, бұл өз кезегінде кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі қолайлы орта қалыптастырады.
Кәсіпкерлер сұрақ қойып, ұсыныс айтты
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Қатысушылар өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, жаңа Салық кодексінің бизнеске қалай әсер ететінін талқылады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын айтып, олардың барлығы арнайы штаб отырысында қаралатынын жеткізді. Сонымен бірге, орталық және жергілікті билік өкілдері бірлесе жұмыс істеуді жалғастыратынын атап өтті.
