Түркістан облысының халқының 80 пайызы ауылдық жерде тұрады. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына негіз болып отыр. Облыс еліміз бойынша мал шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда келеді. Соңғы жылдары бұл бағыттағы көрсеткіштер айтарлықтай өсіп, саланың әлеуеті артып келеді. Сонымен қатар, өзге де кәсіп түрлеріне мемлекеттік қолдау көрсету жоспарға енгізілген.
Мал шаруашылығы – экономиканың тірегі
2023 жылы Түркістан облысында мал саны мен өнімділігі орта есеппен 4 пайызға артты. Бұл өсім өңірдегі ет өндірісі мен экспорты көлеміне де оң әсерін тигізді. Ресми деректерге сәйкес, облыс ірі қара мал еті экспортының 85 пайызын, ал қой еті экспортының 60 пайызын қамтамасыз етті. 2023 жылдың алғашқы бес айының өзінде шетел нарығына 5 мың тонна ірі қара және 2,6 мың тонна қой еті жөнелтілді.
«Ауыл аманаты» – ауылды қолдаудың жаңа бағыты
2023 жылдан бастап Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бұл бастама алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Шетелдік тәжірибені зерттей отырып енгізілген жобаға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарлама нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарады деген болжам бар. Сонымен қатар, кәсіпкерлік белсенділік артып, ауыл тұрғындарының табысы көбейеді деп күтілуде.
Кәсіпкерлік пен инвестиция: даму жолындағы серпін
Түркістан облысы халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысса да, туризм мен сауда салаларында да кәсіпкерлік субъектілері жетерлік. Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын және орта бизнесті қолдау – басты назарда. Өңірде қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Соңғы 5 жылда кәсіпкерлер саны 130 мыңнан 184 мыңға дейін өскен. Кәсіпкерлік негізінен ауыл шаруашылығы, сауда, туризм мен өнеркәсіп салаларында шоғырланған.
Осы жылдар аралығында облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 3 есе өсіп, жалпы 3 трлн теңгеге жетті. Бұл қаржының негізгі бөлігі жеке сектор есебінен тартылған. Сонымен қатар, облысқа тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрап отыр. 422 млрд теңге сомасына 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жаңа жұмыс орны ашылған.
Мал шаруашылығындағы нақты көрсеткіштер
2023 жылы Түркістан облысында мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 470 млрд теңгеге жетіп, бұл көрсеткішпен республикада 1-орынға шықты (ұлттық көлемнің 11 пайызы). Еліміз бойынша ірі қара малдың 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы осы өңірде шоғырланған. Өндірілген еттің 13 пайызы мен сүттің 16 пайызы да Түркістан облысының үлесінде.
2024 жылдың алғашқы төрт айында облыста:
Ірі қара мал – 1 млн 232,5 мың бас,
Қой мен ешкі – 5 млн 502,4 мың бас,
Жылқы – 484,8 мың бас,
Түйе – 44,5 мың бас,
Құс – 2 млн 85,5 мың бас тіркелген.
Осы кезеңде 78,4 мың тонна ет, 235,3 мың тонна сүт және 78,3 млн дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. 2023 жылы экспортталған ет көлемі – 10,9 мың тонна ірі қара және 5 мың тонна қой еті.
Мал шаруашылығын дамытуда бордақылау алаңдарының рөлі ерекше. Облыс аумағында жалпы саны 9 183 бордақылау алаңы бар, олардың ішінде:
400 басқа дейін – 9 148,
400-1000 басқа дейін – 13,
1000 бастан жоғары – 22 алаң жұмыс істейді.
Өңдеу өнеркәсібі мен бренд өнімдер
Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында:
Ет өңдейтін 7 кәсіпорын (қуаттылығы – 24,6 мың тонна),
Сүт өңдейтін 23 кәсіпорын (қуаттылығы – 143,2 мың тонна) жұмыс істеп тұр.
Осы кәсіпорындар арқылы өндірілген еттің 29 пайызы, сүттің 21,5 пайызы қайта өңделіп, ішкі нарыққа шығарылады. Айта кетерлігі, «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Narlen» брендімен шұжық өнімдері, «Айкан» ЖШС-нің «Эмир» маркасымен және «Бөрте Милка» ЖШС-нің өнімдері Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие.
Сондай-ақ, сүт өңдеу саласын қолдау мақсатында жалпы құны 10,5 млрд теңге болатын 3 ірі тауарлы-сүт фермасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға республикалық бюджеттен жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен 6 млрд теңге бөлінді. Жобалар аясында Түркиялық «Sezer» және Швециялық «De-Ieval» компанияларының автоматтандырылған технологиялары пайдаланылады. Жоғары өнімді Голштин және Симментал тұқымды 2 200 бас аналық сиыр Дания мен Мажарстаннан жеткізілмек. Бұл фермалар жылына қосымша 10,4 мың тонна сүт өндіреді.
Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау
2025 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд теңге қарастырылған. Оның 43,3 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, 5,2 млрд теңгесі үкімет резервінен бөлінген. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 42 млрд теңге шаруаларға таратылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл қолдаулар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыстың кірісін арттырады. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Ауыл шаруашылығын қолдауда «Басым дақылдарды субсидиялау» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама нәтижесінде жылыжай шаруашылықтары тұрақты дамып келеді. 2023 жылы 78 мың тонна өнім жиналса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, 1,3 есеге артқан.
Минералды тыңайтқыштар мен асыл тұқымды мал
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024–2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдады. 2025 жылы Түркістан облысына 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 206 мың тонна тыңайтқыш енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты.
Мал шаруашылығын 25 бағытта субсидиялау жалғасуда. 2024 жылдан бастап асыл тұқымды аналық мал сатып алуға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде:
Асыл тұқымды ірі қара – 117 пайызға,
Ұсақ мал – 3,9 есеге,
Жылқы – 101,2 пайызға артқан.
Қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын өтеуге 2023 жылы – 1,3 млрд теңге, 2024 жылы – 1,85 млрд теңге, 2025 жылға – 1 млрд теңге қарастырылған. Бұл қолдаулар аймақтың азық-түлік өндірісін ұлғайтып, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етіп отыр.
