Home Жаңалықтар АШЫҚ ДИАЛОГ- АУЫЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

АШЫҚ ДИАЛОГ- АУЫЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Daismedia.kz

Әкім мен халық арасындағы ашық диалог – елді мекендердің әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Бүгін Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қарасу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, осындай тың бастамалардың нақты көрінісін көрсетті. Ашық форматта өткен жиын ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтіп, онда елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер негізінен инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы қамтыды. Атап айтқанда, ауылішілік жолдарды асфальттау, аялдамалар мен қоғамдық көлікке арналған тұрақтар орнату қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, Ақбай мектебінің спорт залы, кітапхана мен асхана сияқты маңызды нысандардан кенде екені тілге тиек етілді. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына кедергі келтіретіні де айтылды.

Одан бөлек, балаларға арналған ойын алаңдарының жеткіліксіздігі, ауыз су мәселесі және бастауыш мектеп ауласындағы автотұрақтың болмауы тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отырғаны атап өтілді. Бұл түйткілдер – тек бір ауылдың емес, тұтас өңірлерде кездесетін ортақ проблемалар.

Аудан әкімі Мадияр Оразалиев тұрғындарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерге жіті назар аударды. Әкім әрбір сұрақтың назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ, шешімдердің тиімділігі мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

Мадияр Оразалиевтің айтуынша, тұрғындармен тығыз әрі тұрақты байланыс орнату – жергілікті басқарудың басты міндеттерінің бірі. Себебі халықтың шынайы үнін естіп, қажеттіліктеріне нақты жауап беру арқылы ғана өңірлерде сапалы өзгерістерге қол жеткізуге болады.

Кездесу соңында аудан басшысы ауылды дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін, ал қолға алынған әрбір бастаманың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру екенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді араласуға, ұсыныс-тілектерін ашық жеткізіп отыруға шақырды. Әкім халықпен кері байланыстың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта көтерілген мәселелердің орындалу барысы әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

Бұл кездесу – халық пен билік арасындағы сенім көпірін нығайтудың нақты үлгісі болды. Мұндай форматтағы кездесулер ауылдың ғана емес, ауданның әлеуетін көтеруге, қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment