Тұрғындарды газбен қамту – басым бағыт
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан көлемінде атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысын қадағалау мақсатында жұмыс сапарымен Жылға және Дарбаза ауылдық округтерін аралады. Сапар барысында аудан басшысы нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысты. Ол мердігер мекемелердің жұмыс қарқынын арттырып, сапаға ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен қатар, жобалардың уақытылы әрі талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне тұрақты есеп беруді міндеттеді.
– Елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл – тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырудың басты тетігі. Қазіргі таңда ауданымызда ауыз су және табиғи газбен қамту бағытында жүйелі әрі кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Жылға ауылдық округі: 158 үй көгілдір отынға қол жеткізбек
Жылға ауылдық округіне қарасты Қарақалпақ елді мекенінде табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл жоба аясында елді мекен ішіне газ құбырларын тарту және газ реттеу пункті шкафын (ГРПШ) орнату көзделген.
Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – «Бақ-Ерке строй» ЖШС. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Табиғи газ желісінің жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Құрылыс толық аяқталған соң 158 тұрғын үйге газ беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл Қарақалпақ тұрғындарының өмір сапасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Дарбаза ауылдық округі: 207 үйге газ жеткізіледі
Дарбаза ауылдық округіне қарасты Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде де көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұндағы жобаны «Ынтымақ-ОК» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба шеңберінде 50 шақырымдық газ құбыры тартылып, 207 үй табиғи газбен қамтылады.
Бұл – аудан бойынша ең ауқымды жобалардың бірі. Ауыл тұрғындары үшін газдың қолжетімді болуы – күнделікті тұрмыстағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Әсіресе, қыс мезгілінде тұрғындардың отын тасып, шығынға батпай, экологиялық таза отынды пайдалануына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік тиімділік пен ұзақ мерзімді пайда
Аудан аумағындағы бұл инфрақұрылымдық жобалар – шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Табиғи газбен қамтудың тек үй шаруашылығын жеңілдетіп қоймай, ауылдың жалпы өмір сапасына, экологиясына және бюджеттік шығындарды үнемдеуге ықпалы зор.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Әсіресе, ауыз су, жол және жарықтандыру мәселелері де күн тәртібінен түспейді.
Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты әрі жүйелі істердің көрінісі. Әкімдік тарапынан бұл бағыттағы бақылау мен қолдау алдағы уақытта да жалғасады. Басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, ауылдарды заманауи талаптарға сай инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
