Қарнақтағы қайсар ана немесе тәттілермен тәтті өмірге бет алған кәсіпкер.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұруы – еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде көптеген ауыл азаматтары өз ісін бастап, табыс көзін табуда. Соның жарқын үлгісіндей – Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында тұратын көпбалалы ана Муаттар Азизованың табысты жолы.
Журналистикадан – кәсіпкерлікке
Негізгі мамандығы – журналист. Бұл салада 15 жылдай еңбек еткен Муаттар Азизова – сөз өнері мен қоғамдық пікірдің ортасында жүріп, елге қызмет етуді өмірлік ұстанымы еткен жан. Бірақ уақыт өте келе өмірдің жаңа белесіне қадам басып, кәсіпкерлікке ден қояды. Журналистік тәжірибесі мен қоғаммен байланыс орнатудағы қабілеті оған бизнесте де өз орнын табуға сеп болды.
Бүгінде ол – ауыл тұрғындарының сұранысын өтеп отырған кондитерлік цехтың иесі. Бұл – жай ғана табыс көзі емес, ауыл әйелдерінің өз ісін дөңгелетіп, қоғамға пайдалы бола алатынын дәлелдейтін нағыз үлгі.
«Ауыл аманаты» – армандарды жүзеге асыратын жоба
Муаттар Азизова өз кәсібін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашты. Бұл бағдарлама – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына арналған тиімді механизм. Бағдарлама шеңберінде 2,5%-дық жеңілдетілген несиеге қол жеткізген ол, 7 млн 700 мың теңге көлеміндегі қаражатқа кондитерлік өнімдер пісіруге қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін бастайды.
Бұл салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар ол үшін бұл – көптен бергі арманының орындалуы еді. Цех іске қосылғаннан кейін сұраныс бірден артты. Қазіргі таңда күніне 15 келідей бәліш, 150-200 дана самса, түрлі тәтті тоқаштар пісіріп, тұрғындарға ұсынып отыр. Кондитерлік өнімдер тек ауыл ішінде ғана емес, қалаға да жөнелтіліп, сұранысқа ие бола бастады.
Әр табыс – отбасы амандығы үшін
Муаттар Азизова – төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Үлгілі отбасының берекесін келтіріп отырған келін ретінде де ауылдастарының алғысына бөленген. Отбасындағы татулық пен еңбектің үйлесімділігі оның кәсібіне де оң әсер етуде. Кондитерлік цех – тек табыс көзі емес, отбасылық бірліктің, ортақ еңбектің жемісі.
Болашақта ол кондитерлік цехты кеңейтіп, наубайхана ашуды да жоспарлап отыр. Бұл – ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орны, тұрақты табыс көзі және сапалы нан өнімдеріне қолжетімділік.
Әйел – отбасының тірегі, қоғамның тұтқасы
Муаттар Азизова – ауыл әйелінің қандай мүмкіндіктерге ие екенін, егер талпыныс болса, мемлекет тарапынан қолдау табылатынын нақты мысалмен дәлелдеген тұлға. Ол – бүгінгі ауыл келіндерінің жаңа бейнесі: білімді, еңбекқор, мақсаткер.
«Ауыл аманаты» жобасы – осындай азаматтардың армандарын жүзеге асыруға сеп болған нақты қадам. Бұл бағдарлама арқылы тек қана бизнес емес, бүтін бір ауылдың әлеуеті көтеріледі, тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасады, ауылда өмір сүруге ынта артады.
Муаттар Азизованың жетістігі – ауыл әйелінің табандылығы мен мемлекеттің қолдауы ұштасқанда қандай нәтиже беретінінің айқын көрінісі. Оның тәтті өнімдері ауылдың тіршілігін тәтті етіп қана қоймай, кәсіпке бет бұрғысы келетін талай әйелге шабыт берері сөзсіз.
Бүгінгі ауыл – кеше емес. Қазіргі ауыл – даму мен мүмкіндіктің мекені. Ал сол мүмкіндікті шынайы табысқа айналдырып отырған аналарымыз – ел болашағының нақты тірегі.
