Жетісай ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Табиғи газға қосылған елді мекендер саны артып келеді.
Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Осы орайда Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендерді газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Табиғи газға қосылған ауылдар саны артып келеді
Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газға қосылып, көгілдір отынды тұтынушылар үлесі 86,6 пайызды құрап отыр. Бұл – аудандағы тұрғындардың басым бөлігі енді көмір жағып, күл шығарудан арылып, экологиялық әрі экономикалық жағынан тиімді отын түрін тұтына бастады деген сөз.
2023 жылы 4 елді мекенге газ тартылса, 2024 жылдың басынан бері тағы 11 елді мекенге көгілдір отын жеткізілген. Бұл – газдандыру жұмыстарының жыл санап қарқын алып келе жатқанын көрсетеді.
Атақоныс ауылында газдандыру жұмыстары аяқталды
Жуырда Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекеніне табиғи газ беріліп, жергілікті тұрғындар қуанышқа кенелді. Бұл ауылда бұған дейін көмір жағып, күл шығарумен әуре болған 2709 тұрғын енді заман талабына сай өмір сүруге көшіп отыр. Ауылдағы 374 үйге газ тарту жұмыстары республикалық бюджеттен бөлінген 527,5 миллион теңге қаржы есебінен жүзеге асқан. Газ құбырының жалпы ұзындығы 21,9 шақырымды құрайды.
Атақоныс ауылына көгілдір отын беруге арналған салтанатты шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков және «QazaqGazAimaq» Жетісай аудандық филиалының басшысы Бақтыбай Акеев қатысып, тұрғындарды құттықтады. Сонымен қатар, газ инспекциясы мамандары арнайы жаднамалар таратып, газ құрылғыларын қауіпсіз және тиімді пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мырзашөл елді мекені де көгілдір отынға қосылды
2023–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен 204,9 миллион теңге бөлініп, Мырзашөл елді мекеніндегі газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Бұл жұмыстарды «Exclusive Story Corporation» ЖШС мердігер мекемесі атқарған. Құбырдың ұзындығы 9,06 шақырымды құрап, ауылдағы 1220 тұрғын табиғи газды еш қиындықсыз тұтынуға мүмкіндік алды.
Құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда
Қазіргі таңда ауданда тағы 5 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 4 елді мекенде газ тарту жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, дайындық шаралары пысықталуда. Сонымен қатар, 10 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, оларды алдағы уақытта газбен қамтамасыз ету жоспары бекітілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей тапсырмасына сай, аудан әкімдігі мен сала мамандары елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстарын жоспарға сай іске асырып келеді. Нәтижесінде, жыл соңына дейін газ тұтынатын ауылдардың саны артып, газдандыру көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізу көзделуде.
Аудан бойынша 2024 жылдың басынан бері көгілдір отынға қосылған елді мекендер мыналар:
Қызылқұм ауылдық округі: Түркебай, Жалпаққұм, Алғабас, Ақтөбе, Қосқұдық, Мақталы; Абай ауылдық округі: Халықтар достығы; Ш.Ділдәбеков ауылдық округі: Күрішті; Жаңа ауыл ауылдық округі: Әбдіхалық; Жуырда қосылған: Атақоныс.
Жыл соңына дейін Жаңа ауыл ауылдық округі: Жаңа ауыл, Қарой, Атақоныс; Ж.Ералиев ауылдық округі: Жетіқазына, Бәйтерек, Сейфуллин;
Мақталы ауылдық округі: Дархан, Сарқырама, Мақталы, Алмалы, Жібек жолы, Темір жол; Қызылқұм ауылдық округі: Датқа, Көбек, Киров,1-Мамыр елді мекендеріне газ қосу жоспарланған болатын.
Газдандыру – өңірдің экологиялық және әлеуметтік дамуына серпін береді
Табиғи газға көшу – өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етуде. Бұрынғыдай көмір жағып, күл шығарудың машақаты артта қалып, енді халық тиімді, таза және қауіпсіз отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар, бұл жұмыс елдегі энергия тиімділігіне бағытталған мемлекеттік саясатпен де үндесіп жатыр.
Газдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі Жетісай ауданында халықтың тұрмыс сапасын көтеруге, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық ахуалын жақсартуға нақты үлес қосып келеді.
Жетісай ауданында табиғи газға қосылған елді мекендер саны жыл сайын артып келеді. Облыс және аудан әкімдіктерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде халыққа қажетті инфрақұрылымдық жобалар табысты жүзеге асуда. Алдағы жылдары газдандыру көрсеткішін толық 100 пайызға жеткізу – аудан әкімдігінің басты мақсаттарының бірі болып отыр.
