Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы саласы жаңа серпін алып келеді. Жуырда «Дар Арганик» шаруа қожалығы шетелден — нақтырақ айтқанда, Финляндия елінен сүт бағытындағы жоғары өнімді «Айршери» тұқымды 91 буаз сиыр әкеліп, сүт өндірісін жолға қойды. Жобаның құны, идеясы мен жүзеге асу барысы — елдегі мал шаруашылығы саласындағы тың жаңалықтардың бірі.
Финляндиядан – Түлкібасқа дейінгі жол
Кәсіп иесі Данияр мырза бастаған бұл бастама 2025 жылдың басында жүзеге асып, бүгінде алғашқы нәтижелерін беруде. Әр сиырдың нарықтық құны — 3 500 еуро. Қазіргі таңда бұл 91 бастан тәулігіне орта есеппен 2,5 тонна жоғары сапалы, майлылығы 4 пайыздан асатын сүт өндірілуде. Өндірілген сүт ауданымыздағы «Майлыкент сүт» зауытына және көршілес Сайрам ауданына жоғары бағада өткізіліп, кәсіпорынға тұрақты табыс әкелуде.
Заманауи технология мен еңбек өнімділігі қатар өрбіген
Шаруашылықтағы сиырларды сауу процесі толығымен автоматтандырылған, бұл өнім сапасын арттырумен қатар еңбек өнімділігін де еселей түсуде. Жаңа технологиялар енгізілген бұл нысанда бүгінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық жұмысын басталғалы бері 82 бұзау алынғаны — мал басының табиғи өсімінің нәтижесі.
Аудан әкімінің қолдауы және алдағы жоспарлар
Жуырда Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев арнайы барып, қожалық жұмысымен танысып қайтты. Әкім салаға жауапты орынбасарымен бірге өндіріс орнын аралап, кәсіпкер Даниярмен сұхбат құрды. Кездесу барысында кәсіпкер болашақтағы жоспарларымен бөлісіп, мал басын арттыру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алу жолында қолдау көрсетуді сұрады.
Асқар Сұлтанұлы бұл бағыттағы бастамаларды қолдайтынын білдіріп, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. «Дар Арганик» алдағы уақытта мал санын 391 басқа жеткізуді, ал мемлекеттік қолдау болған жағдайда 1500 басқа дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Айршери — елімізде патенттелген тұқым
Аталған шаруа қожалығы елімізде «Айршери» тұқымының патент иесі болып табылады. Бұл жайт шаруашылықтың ерекше мәртебесін айқындап, еліміздің асыл тұқымды ірі қара шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттыра түседі.
Мал шаруашылығы — ауданның басты тірегі
Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында мал шаруашылығымен айналысатын 193 шаруа қожалық жұмыс істейді. Соның ішінде бар болғаны 5-еуі ғана сүт өндірумен кәсіби түрде айналысады. Бұл ретте «Дар Арганик» шаруашылығының үлесі ерекше. Жаңа бастамалар мен технологияларды игерудің жарқын үлгісі ретінде бұл қожалық өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Түлкібастық кәсіпкердің бұл батыл әрі тың жобасы — ауыл шаруашылығы саласындағы жаңаша ойлау мен заманауи тәсілдердің үйлесімділігін көрсетеді. Мемлекет қолдауымен бұл жобаның көлемі ұлғайып, тек аудан ғана емес, бүкіл өңір үшін үлгі боларлық ірі өндіріс ошағына айналары сөзсіз.
