Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтиже беруде. Жалпы өнім көлемін ұлғайту бойынша осы жылдың 8 айының қорытындысымен нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 9 айда жалпы өнім көлемін 104,3%-ға ұлғайту жоспарлануда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді. Бүгінде нақты 59 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектар ендіру жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы Президент тапсырмасының орындалу барысы қатаң бақылауда екенін айтып, салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма жүктеді.
– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын, заманауи агроинновацияларды енгізу маңызды. Бұл әдістер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылға бектілген барлық индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алу қажет, – деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынан ескертті.
Аппарат отырысында агроөнеркәсіптік кешенінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаев баяндады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 1649 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1 379 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9%-ды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17 487 бірлікке жетті.
Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің сыйымдылығы 2 200 тонна, Сайрам ауданында «Shagur agro group» ЖШС-нің сыйымдылығы 2000 тонна, Шардарада «Батырхан ата» ШҚ-ның сыйымдылығы 2200 тонна жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық, Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылады.
Одан бөлек, биыл «БНК Агро КЗ» ЖШС-нің «Тауарлы сүт фермасын 800 басқа кеңейту» жобасы іске қосылды. Ал келесі жылы Төлеби ауданында «Азия милк» ШФҚ-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Сарыағаш құс» ЖШС іске қосылды. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын трейд» ЖШС-ның жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыруға АӨК жобаларын несиелендіру бағдарламасымен 5 млрд. теңге бөлінбек.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдынғы қатарда. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешеніне 121 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемін 9 айдың қорытындысымен 152,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешен бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнәр Күнтуғанова есеп берді. Оның мәлімдеуінше, республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1 орында немесе үлесі – 13,7%. Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 487,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.
Ет өндіру көрсеткіші 122,9 мың тоннаны құрады. Мал етін өндірудің едәуір үлесі Сайрам және Қазығұрт аудандарының шаруашылықтарына тиесілі. Ал сиыр сүтінің өнідірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,7% артса, тауық жұмыртқасының өндірісі 5,7%-ға өскен. Облыстың ауыл шаруашылығын дамуына бағытталған инвестиция көлемі 97620,6 млн. теңгеге жетіп, өсім 140,3%-ды құрады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 53,6% артып, 23343,4 млн. теңгені құраған.
Еске салсақ, өткен 2024 жылы Түркістан облысына инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Австралия, Өзбекстан, Катар және Оңтүстік Корея елдеріне Түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобалар басталды. Мәселен, өңірде Өнеркәсіптік жылы-жай кешені, Алюминий бұйымдарын шығару, Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару, Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт, Фосфорит кендерін өңдеу зауыты, Мұнай өңдеу зауыты ашылмақ.
2024 жылы қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компания шақырылып, 301 млрд теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Түркістандық зауыттар елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады.
Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады.
«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту экономикада маңызды бағыт болып есептеледі. Елімізде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында келеді. Облысқа жыл басынан 888 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал, жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан 1,5 есеге артығымен орындалды. Түркістан облысы – халық саны ең көп өңірдің бірі. Сондықтан аймақта жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамытуға айрықша басымдық беруде.
Облыста өндіріс пен ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу жүйесі орнықпаса, экономиканы дамыту қиынға түседі. Сол себепті өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Кірістер қосымша 100 млрд теңгеге ұлғаяды. Бүгінгі күні, жалпы құны 86 млрд теңге болатын 31 инвестцииялық жоба іске қосылып, 1300-ден астам жұмыс орны ашылды.
Өңірдің басты ерекшілігі – халықтың 80%-ы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – халық тұрмысының маңызды саласы болып есептеледі.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізуде. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд теңгені құрап, өсім 105,8 %-ға жетті. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облысымыз республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл бағытта нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдарға жалпы 105 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы арқылы 8 мыңнан астам жұмыс орны қалыптасуы керек. Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Түркістан облысына қажетті судың 70%-ы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан да ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық береміз. Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 40%-ға жеткізу жоспарланған болатын.
Былтыр бұл технология жалпы 50 мың гектарға дейін жеткізілді. Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағыттында жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрайтын 3 өндіріс орындары ашылды. Олар: «BNK Group LTD» құны 7 млрд теңге құрайтын «Жылына 1 000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты, 4,1 млрд теңге болатын «14 мың гектар тамшылатып суару өндірісі», «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны құны 650 млн теңге құрайтын жылына 9 мың гектар тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті толығымен іске қосты. Қытайлық инвестордың құны 2 млрд теңгелік 40 мың гектарға тамшылатып суару өндірісі келесі жылы аяқталады.
Облыста су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің әлеуетін толық пайдалану қолға алынды. Өз табысы есебінен 60 бірлік арнайы техникалар сатып алынды. Оның ішінде, 51 жуығы экскаватор. Нәтижесінде қосымша 5 млрд теңгеге бағаланатын жұмыстарды өз есебінен атқарып, экономикалық тиімділігін 2 есе көрсетіп отыр. Кәсіпорынның көрсеткен тиімділігінің нәтижесінде, Ислам Даму банкі арқылы алғаш рет 73,6 млрд теңгеге 14 жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Сол арқылы 160 шақырымнан астам канал бетондалып, 53 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады. Сонымен қатар Түркістан қаласы және оның аумағындағы 6 ауданды 113 млн текше метр сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2 ірі су қоймасы салынады. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Боралдай» су қоймасының жобасы әзірленуде, оның құрылысы 2025 жылы басталады деп жоспарланған болатын.
