Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ДАМЫТУҒА 90 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ДАМЫТУҒА 90 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Daismedia.kz

Су – тіршілік көзі
2026–2028 жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа серпіліс күтілуде. Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуді инвестициялық субсидиялау мақсатында 90 млрд теңге қарастыруда. Бұл туралы министр Нұржан Нұржігітов Жетісай мен Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесу барысында мәлімдеді.

Су тапшылығы – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде соңғы жылдары жаз мезгілінің аптап ыстығы мен жауын-шашынның азаюы салдарынан суару маусымы қиын жағдайда өтуде. Осындай сындарлы кезеңде Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан қабылданған шұғыл әрі жүйелі шаралар нәтижесінде Түркістан облысының егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай шешімін тапты.

Су үнемдеу технологиялары – аграрлық тұрақтылықтың кепілі

Министрлік алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы саласында заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру үшін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 90 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаржы Түркістан облысындағы фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алуға, орнатуға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану – өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудағы басты басымдықтардың бірі. Осы мақсатта субсидиялау тетіктері жетілдіріліп, қолдау шаралары күшейтілді.

«Бұрын су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығынның 50 пайызы ғана өтелетін. Қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін артты. Сонымен қатар, егер фермерлер тамшылатып немесе жаңбырлатып суару сияқты үнемді жүйелерді қолданса, суармалы суға арналған субсидия көлемі 85 пайызға дейін өседі», – деді министр өз сөзінде.

Шұғыл шаралар – нақты нәтиже

2025 жылғы суару маусымы оңай болмады. Құрғақшылық пен ауа райының күрт өзгеруі жағдайды ушықтырғанымен, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-әрекеті нәтижесінде судың әділ бөлінуі мен жеткізілуі қамтамасыз етілді.

Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, Жетісай, Мақтаарал және басқа да аудандардағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізді. Суармалы судың әділ бөлінуін бақылау мақсатында кезекшілік кестелері енгізіліп, заңсыз су алуға қарсы тексерістер ұйымдастырылды. Фермерлермен түсіндіру және ақпараттық жұмыстар да қатар жүргізілді.

«Болашақта мұндай қиындықтардың алдын алу үшін су үнемдеу технологияларын барынша кеңінен енгізуіміз қажет. Біз тек бүгінгі емес, келешек ұрпақтың су қауіпсіздігін де ойлауымыз керек», – деп атап өтті министр Нұржігітов.

«Достық» каналы – өңірдің күре тамыры

Жетісай мен Мақтаарал аудандарына су жеткізетін басты су көзі – «Достық» мемлекетаралық каналы. Министр осы каналдың қазіргі жұмысымен және жағдайымен арнайы барып танысты. Су деңгейін арттыру және ағынды су жеткізуді тұрақты ету мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, арналардағы шөгінділерді алып тастады.

Сондай-ақ төменгі ағысындағы шаруа қожалықтарына су жеткізуді жақсарту үшін қосымша шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстардың барлығы фермерлердің егін шаруашылығын уақытылы аяқтауына мүмкіндік берді.

Инфрақұрылым жаңғыруда

Түркістан облысында қосымша су ресурстарын тарту бағытында да нақты істер атқарылуда. Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілсе, Ордабасы ауданында 17 тік дренажды ұңғыма жөндеуден өткізілді. Бұл ұңғымалар жер асты суын көтеру арқылы егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етуге сеп болып отыр.

Статистика сөйлейді

Биылғы жылы өңір бойынша 3,3 млрд текше метр су егістікке жіберілді. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы шаруалармен жалпы 297 мың гектар алқапты суаруға 9 724 келісімшарт жасаған. Оның ішінде 133,7 мың гектар мақта алқаптары. Бүгінде мақта суаруы толығымен аяқталды. Филиал 10 қыркүйекке дейін күріш алқаптарына су беруді де жоспар бойынша аяқтамақ.

Шаруалардың алғысы

Фермерлер министрліктің жұмысына оң баға беріп, уақытылы және әділ су жеткізілгені үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, бұрынғы жылдармен салыстырғанда судың жеткізілуі айтарлықтай жақсарған. Ендігі басты үміт – жаңа технологиялардың кеңінен қолданысқа енуінде.

Су – ауыл шаруашылығының негізі ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де өзегі. Сондықтан су ресурстарын үнемді пайдалану – тек экономикалық емес, стратегиялық міндет. Түркістан облысында қолға алынып жатқан жаңа бастамалар – еліміздің су шаруашылығында сапалы серпіліс жасауына үлкен қадам.

Министрлік пен фермерлер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық нәтижесінде келер жылдарда су тапшылығының салдарын азайтып, аграрлық әлеуетті барынша арттыру мүмкіндігі туып отыр. Ал бөлінетін 90 миллиард теңге – бұл тек қаржы ғана емес, болашаққа салынған сенімді инвестиция.

Айта кетейік, былтыр, 2024 жылы «BNK Group LTD» компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Өндірістік техника 3 мың м2 метр аумаққа орналастырылды.

«BNK Group LTD» ЖШС-ның құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты Түркістан қаласында орналасты. Осы кәсіпорынның 50 мың гектарды, «Тұран су» мекемесінің жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін кәсіпорындары маусым айында іске қосылады. «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологиясын енгізу шығынының 50%-ын өтеу, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30%-ға ұлғайту қарастырылған.

Су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналының» ұзындығы 59 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн текше метр су үнемделді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, 31 млн текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. Бұдан бөлек «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. 68 млн м3 су сиятын жобаның құны 15,9 млрд теңге. Келесі жылы «Боралдай» су қоймасы құрылысын бастау көзделген. 50 млн м3 су сиятын су қоймаға 13,8 млрд теңге қажет. Аталған жобалар қосымша 113 млн текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.

Түркістан өңірінде су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізілді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді. Сұранысқа байланысты түсімі жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, масақты, малазықтық дақылдар, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға артты. Мақта дақылын 11 мың гектарға, майлы дақылдарды 6 мың гектарға азайды.

Тәжірибе ретінде 3000 гектардан астам алқапқа мақта жаңа әдіспен егілді. Бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Түсім облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Алдағы 5 жылда мақта 41,4 мың гектарға, күріш 1,2 мың гектарға азайып, жүгері, бұршақты, малазықтық дақылдарға алмастырылады.

Су үнемдеу технологиясы өсімдікке қоректі тікелей беріп, су мен тыңайтқыш шығынын айтарлықтай азайтады. Шаруа жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.

You may also like

Leave a Comment