Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта облыс әкімінің өкімімен құрылған ведомствоаралық кіші топтың бастамасымен кешенді шаралар қолға алынған.
Жалпы, Түркістан облысының жер қоры – 11 миллион 610,3 мың гектарды құрайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жерлердің бір бөлігі жылдар бойы мақсатсыз қолданылып келгені немесе мүлде пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Осыған байланысты, 2025 жылға дейін облыс көлемінде 110 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген. Қазіргі таңда бұл жұмыстың жартысына жуығы атқарылып, 51,1 мың гектар жер мемлекет иелігіне алынды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жұмыс жиынында айтылды.
Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген аталған жұмыстардың барысы туралы есеп берді. Оның мәліметінше, республика бойынша мемлекетке қайтарылған жайылымдық жерлерді қайта айналымға енгізу және ауыл тұрғындарының мал жаюына қолайлы ету бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша ауылдық әкімдіктерге мал жаю үшін берілген жайылым көлемі – 2 036,8 мың гектарды құраса, соның 497,5 мың гектары немесе 24 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Өткен жылы елді мекендерді қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз ету мақсатында 68,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Алайда, жайылым жетіспеушілігі әлі де өткір күйінде қалып отыр. 2025 жылы өңірдегі 831,8 мың шартты мал басына қажет жайылым көлемі бойынша тапшылық 539,8 мың гектарға жетіп отыр. Бұл – ауыл тұрғындарының мал шаруашылығын дамытуда кездесіп отырған басты түйткілдердің бірі.
Ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізген тексеру нәтижесінде 3 960 жер пайдаланушының иелігіндегі 372,6 мың гектар жайылым аумағында бірде-бір мал тіркелмегені анықталған. Бұл фактілер де жердің мақсатсыз пайдаланылып отырғанын көрсетеді. Соның нәтижесінде, аудан және қала әкімдіктері нақты шаралар қабылдап, осындай жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы қарқынды бәсеңдетпеуді тапсырды. Ол жер ресурстарын тиімді пайдалану – облыс экономикасын дамыту мен ауыл шаруашылығын өркендетудегі маңызды фактор екенін атап өтті.
«Бекітілген жоспарды уақтылы әрі толық орындау – біздің міндетіміз. Жайылым мен егістік жерлер халыққа қолжетімді болуы тиіс. Әрбір гектар жер нақты мақсатта пайдаланылуы керек», – деді өңір басшысы жиын барысында.
Аталған шаралар нәтижесінде, ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылған жерлер халық игілігіне пайдаланылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, жердің тиімді әрі әділетті бөлінуіне жол ашады.
Түркістан облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар – еліміздегі жер реформасының нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Мемлекет меншігіне қайтарылған әрбір гектар жер – ел игілігіне қызмет ететін құнды ресурс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
