Home Жаңалықтар ШАРДАРАДА АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

ШАРДАРАДА АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары аудандардың бірі – Шардарада ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы ретінде, жуырда Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың жетекшілігімен өткен маңызды кездесу аясында халықаралық деңгейдегі ірі жылыжай кешенінің құрылысы жоспарланды.

Аудан басшысы Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласында тәжірибесі мол, инвестициялық әлеуеті жоғары «Agrika Asia» компаниясының өкілдерін қабылдап, екі тарап өңір экономикасына серпін беретін бірлескен жобаны талқылады. Кездесу нәтижесінде, инвесторлар Шардара қаласында заманауи жылыжай кешенін салу жөніндегі жоспарларымен таныстырды.
Жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын бұл кешен – еліміздегі ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын жобалардың бірі болмақ. Жоба аясында бірнеше ірі өндірістік нысан бой көтереді деп күтілуде:
• Көкөніс сақтау және кептіру комбинаты;
• Күніне 3 360 тонна өнім өңдейтін томат зауыты;
• Күніне 200 тонна жем дайындайтын зауыт.

Осы өндірістер арқылы компания өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруды көздеп отыр. Атап айтқанда, «Kraft Heinz» (Еуропа), «Agrana Foods» (Германия), «Samyang Foods» (Оңтүстік Корея), «Marubeni» (Жапония) секілді әлемдік азық-түлік индустриясының көшбасшыларына экспорттау жоспарланған. Өнімдердің ішінде томат пастасы, пюре, ұнтақталған көкөністер, сублиматтар, тағамдық қоспалар мен гранулалы жем секілді жоғары сұранысқа ие тауарлар бар.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев бұл жобаның Шардара өңірі үшін аса маңызды екенін атап өтіп, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Бұл жобалар тек экономикалық өсімді қамтамасыз етпейді, сонымен қатар ауданның индустриялық әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеміз», – деді аудан басшысы.

Шардара дамуының төрт негізгі бағыты
Аудан басшысының айтуынша, Шардараны дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары төрт негізгі бағытты қамтиды:
1. Туризм
2. Ауыл шаруашылығы
3. Өнеркәсіп
4. Балық шаруашылығы
Аталған бағыттар аясында жалпы құны 210 миллиард теңгеден асатын 154 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, өңір халқының әлеуметтік жағдайына оң ықпал етеді.

Нақты жобалар және экономикалық тиімділік
• Өнеркәсіп пен сауда саласында – 49 жоба;
• Туризм бойынша – 16 жоба;
• Балық шаруашылығы саласында – 75 жоба;
• Ауыл шаруашылығында – 14 жоба жүзеге асады.

Аталған жобалар аясында 2030 жылға дейін Шардара ауданына тартылған инвестиция көлемі 3,2 есе артады деп күтілуде. Тек өнеркәсіп саласында 27 ірі жоба жүзеге асып, 2300-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Осы арқылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтап, 4 есе өседі.

Ауыл шаруашылығында жаңа бағыттар
Аудан аумағында егістік алқаптарын әртараптандыру, көкөніс және дәнді дақылдарды терең өңдеу, агроөнеркәсіптік кластерлер құру сынды бағыттар бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығындағы бұл бетбұрыс Шардараның ел ішіндегі ғана емес, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілетті өңір ретінде танылуына жол ашпақ.

Шардара ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналды. Жоғарыда аталған инвестициялық жобалар ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың әл-ауқатын арттырып, ел экономикасына елеулі үлес қосады.
Шардара – болашағы жарқын, инвестицияға қолайлы өңір.

You may also like

Leave a Comment