Home Ауыл шаруашылығы «АУЫЛ АМАНАТЫ» — АУЫЛҒА СЕНІМ, ЕҢБЕКҚОР АЗАМАТҚА МҮМКІНДІК

«АУЫЛ АМАНАТЫ» — АУЫЛҒА СЕНІМ, ЕҢБЕКҚОР АЗАМАТҚА МҮМКІНДІК

Daismedia.kz

Еліміздегі ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Ордабасы ауданында да өз жемісін беруде. Осы бағдарлама аясында аудан тұрғыны, еңбекқор кәсіпкер Өтеген Сағындықов төмен пайызбен несие алып, 60 соттық жерге жылыжай салып, табысты кәсіптің жолын бастады.
Жобаның арқасында салынған жылыжайдың 50 соттығына қызанақ, ал 10 соттығына қияр егілген. Қазір Өтеген Сағындықов өнімді күтіп-баптау, сапасын арттыру және нарыққа шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Жылыжай шаруашылығы оның айтуынша маусымға тәуелсіз табыс көзі және ауылдағы тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы біз секілді ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болды. Несие алып, өз кәсібімді бастауға мүмкіндік туды. Қазір жылыжай толық іске қосылды. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмын», — дейді Өтеген Сағындықов.
Жылыжайда заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бұл тәсіл суды үнемдеп, өнім сапасы мен көлемін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге жылыжайдағы климаттық жағдай арнайы құрылғылармен бақыланады.

Бүгін кәсіпкердің жылыжай шаруашылығына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Алиасқар Бердімұратов, аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Мырзагелдиев, “Шұбарсу” бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәрсенбек Қабылбеков арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Алтынсары Дүйсенбекұлы жобаның ауыл экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, кәсіпкердің еңбекқорлығына ризашылық білдірді. Ауыл азаматтарын қолдау партия жұмысының басым бағыты екенін атап өтті.

— «Ауыл аманаты — ауыл тұрғындарына нақты мүмкіндік беретін жобалардың бірі. Өз ісін бастап, табыс тауып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан азаматтарды қолдау басты міндетіміз. Мұндай табысты жобалар ауылдың дамуына үлкен серпін береді», — деді ол Алтынсары Үмбетәлиев.
Аудан әкімдігі өкілдері де «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесінде Ордабасы ауданында ондаған тұрғын кәсіп бастағанын, оның ішінде жылыжай шаруашылығы ерекше қарқын алып келе жатқанын жеткізді.

Өтеген Сағындықовтың үлгісі ауылда да табысқа жетуге, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге болатынының айқын дәлелі. Жоба арқылы қолдау тапқан әр азамат ауыл экономикасын дамытуға, отбасылық табысын арттыруға өз үлесін қосуда.

You may also like

Leave a Comment