Келес ауданында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиында партия филиалының төрағасын бекіту, Саяси кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы құрамын жаңарту, сондай-ақ партияның алдағы кезеңдегі жұмыс бағыттарын айқындау мәселелері қаралды. Жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия ардагерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты. Конференция отырысын аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов жүргізді.
Басқосу барысында партия филиалының төрағасын сайлау мәселесі талқыланды. Сөз алған Полат Тұрсынбаев партияның елдік істерде атқарып отырған маңызды рөлін айта келе, «AMANAT»-тың негізгі бастамаларының халық қолдауына ие болып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін филиал төрағалығы қызметін атқарған Ахмет Жұмабековтың елеулі еңбегін атап өтті. Ауданның дамуына қосқан үлесі, партия жұмысын жүйелі жүргізіп, тұрғындармен тиімді байланыс орнатудыға еңбегі жоғары бағаланды.
-«AMANAT» партиясы елдің сұранысын ескеріп, биліктің барлық тармақтарымен тиімді жұмыс жүргізуде. «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді ірі жобалар – халық игілігіне бағытталған бастамалар. Келес ауданында да партия жұмысы жүйелі жалғасып келеді. Осы ретте филиал төрағасы қызметіне, аудандық мәслихат депутаты, мәслихаттағы партиялық фракция мүшесі, «Алпамыс батыр» бастауыш партиясы ұйымының төрағасы Нұржан Омарұлы Төлегеновті ұсынамын», – деді Полат Мұратұлы.
Бастауыш партия ұйымдары мен партия ардагерлері де Нұржан Төлегеновтің белсенділігін, бастамашылдығын және қоғаммен тиімді жұмыс жүргізе білу қасиеттеріне оң баға берді. Қатысушылар жаңа төрағаның ауданның әлеуметтік дамуында және партия жобаларын жүзеге асыруда айқын нәтижелер көрсететініне сенім білдірді.
Делегаттар ашық дауыс беру арқылы Нұржан Төлегеновті «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының төрағасы етіп бекітті. Сонымен қатар, аудандық Саяси кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Конференция қорытындысында қатысушылар партияның стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату және әлеуметтік бастамаларды қарқынды жүзеге асыру жөнінде нақты міндеттерді белгіледі. Жиын «AMANAT» партиясының Келес ауданындағы қоғамдық және әлеуметтік бастамаларды одан әрі күшейтуге бағытталған маңызды шешімдермен аяқталды.
