Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барып, Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесті. Маңызды кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және шекара маңы аймақтарының әлеуетін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Әсіресе, туризм, өндіріс және инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызы ерекше атап өтілді.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан облысы мен Өзбекстанның көршілес өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан ежелден тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. Ол екі ел арасындағы достық пен бауырластық қатынастарды одан әрі нығайту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, Түркістан облысы соңғы жылдары Орталық Азиядағы ірі туристік және рухани орталықтардың біріне айналып келеді. Осы бағытта Өзбекстанмен бірлесіп, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту және туристер легін арттыру үшін жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Кездесу кезінде тараптар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен өндіріс орындарын ашу, екі елдің кәсіпкерлеріне қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар шекара маңы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика саласын дамыту және екі ел арасындағы жүк айналымын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Премьер-Министр Абдулла Арипов Түркістан облысы мен Өзбекстанның көршілес өңірлерінің ынтымақтастығы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтіп, болашақта бұл байланыстардың одан әрі кеңеюіне сенім білдірді.
Сапар аясында Түркістан облысының делегациясы Өзбекстанның бірнеше қалаларына – Ташкент, Самарқанд, Үргеніш және Хиуаға баруды жоспарлап отыр. Делегация мүшелері жергілікті билік өкілдерімен, туризм және кәсіпкерлік саласына жауапты тұлғалармен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізеді. Бұл сапардың басты мақсаты – аймақаралық әріптестікті жандандырып, ортақ экономикалық және мәдени бастамаларды ілгерілету.
Осындай жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер бауырлас халықтардың достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтып, Түркістан облысы мен Өзбекстан өңірлерінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
