Арыс қаласында жаңа өндірістік парктің құрылысы қарқын алды. Қазіргі уақытта аумақты инженерлік тұрғыда дайындау, жер тегістеу және инфрақұрылым тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, бірқатар өндірістік ғимараттардың құрылысы басталып, құрылыс алаңында техника мен жұмысшылар тынымсыз еңбек етуде. Жобаның дайындық кезеңі толыққанды өндіріс сатысына өтудің алдында тұр.
Қала әкімі құрылыс барысын арнайы барып қадағалап, нысандағы жұмыстардың сапасы мен қарқынына баса назар аударды. Ол жауапты мердігерлерге жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырып, өндірістік парктің іске қосылуы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл жоба өңірге жаңа инвестициялар тартуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге зор мүмкіндік туғызбақ.
Арыс–Отырар бағытындағы тас жолдың бойында орналасқан өндірістік парк жалпы ауданы 1,44 гектар аумақты қамтиды. Мұнда бес бағыт бойынша заманауи өндіріс орындары іске қосылады:
Термопанельдер шығару өндірісі – тұрғын үй мен ғимараттарды жылу оқшаулауға арналған жоғары сапалы құрылыс материалдарын өндіру.
Пластик есік-терезе өндіру цехы – заманауи технологиялар негізінде энергия үнемдейтін және экологиялық таза өнім шығару.
Жиһаз жасау кәсіпорны – тұрмыстық және кеңселік жиһаз түрлерін жергілікті шикізатты пайдалана отырып өндіру.
Бақша өнімдерін терең өңдеу орталығы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын тағам және консерві түрінде нарыққа шығару.
Тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын шығару зауыты – қала және ауылдық жерлердің абаттандыру жұмыстарына арналған өнімдер өндіру.
Жобалардың жалпы құны – 215 миллион теңге. Өндірістік парк толық іске қосылған жағдайда 30-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына және Арыс қаласының индустриялық әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосады.
Жоба табысты жүзеге асқан жағдайда Арыс қаласы Түркістан облысындағы өндірістік даму орталықтарының біріне айналмақ. Инфрақұрылымы дамыған, шағын және орта бизнеске қолайлы жаңа өндірістік парк өңір экономикасын әртараптандыруға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
