Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ЭЛЕКТРОВОЗ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ЭЛЕКТРОВОЗ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Daismedia.kz

Түркістан облысының өнеркәсіп картасында жаңа стратегиялық жоба жүзеге асырылуда — Арыс қаласында электровоздар шығаратын заманауи зауыттың құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бұл жоба — әлемдік теміржол техникасы нарығындағы көшбасшылардың бірі, франциялық Alstom компаниясымен бірлесіп іске асырылып жатқан маңызды индустриялық бастама.

Жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті едәуір артып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңеймек. Алдын ала есеп бойынша, зауытта 100-ден астам адам тұрақты түрде еңбек ететін болады.

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев нысан басына барып, құрылыс барысымен танысты. Ол жобаны уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігін атап өтіп, қала әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан барлық қажетті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді. Бүгінгі таңда зауыттың инженерлік инфрақұрылымдарын тарту бойынша техникалық шарттар толық рәсімделіп, сәулет-жоспарлау құжаттамалары бекітілген.

3,5 млрд теңге инвестиция көлеміне бағаланған бұл кәсіпорын 2,9 гектар аумақта бой көтеруде. Зауыт жылына шамамен 2 000 электровозға дейін құрастыру мүмкіндігіне ие болмақ. Сонымен қатар мұнда теміржол құрамдарына сервистік және техникалық қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Жоба тек Арыс қаласы үшін ғана емес, жалпы Түркістан облысының экономикалық дамуына жаңа серпін бермек. Индустриялық-инновациялық саясат аясында іске асырылып жатқан бұл бастама отандық машина жасау саласын дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етпек.

Айта кетейік, Alstom компаниясы — теміржол көлігіне арналған локомотивтер, жоғары жылдамдықты пойыздар мен трамвайлар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы. Қазақстанда бұл компания бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді, ал Арыстағы жаңа зауыт — екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың тағы бір нақты нәтижесі болмақ.

You may also like

Leave a Comment