Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды кезекті рет қабылдап, әріптестік орнату бойынша келіссөз жүргізді. Өңір басшысы облыста инвестрларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Біздің өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылса, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Біз Сіздермен бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде қос тарап әріптестікті нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Келіссөздер сәтті өткен жағдайда жаңа жобаларды жүзеге асыруға келісті.
