Home Жаңалықтар ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢСУ ВЕДОМСТВОЛАРЫ ВЕГЕТАЦИЯАРАЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНА КЕЛЕТІН СУ КӨЛЕМІ БОЙЫНША КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢСУ ВЕДОМСТВОЛАРЫ ВЕГЕТАЦИЯАРАЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНА КЕЛЕТІН СУ КӨЛЕМІ БОЙЫНША КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Daismedia.kz

Ашхабад қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 91-отырысы Орталық Азия аймағындағы трансшекаралық өзендер мен су қоймаларын бірлесіп басқару ісінде маңызды кезең болды. Жиынға аймақтың су секторын басқаруға жауапты жоғары лауазымды тұлғалар қатысты: Түрікменстан тарапынан — Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Қазақстаннан — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстаннан — Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, ал Тәжікстаннан — Энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Джамшед Шоди Шоимзода. Сонымен бірге, Қырғыз Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі Эмиль Шадыханов бақылаушы ретінде қатысып, аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс барысында 2025 жылғы вегетация кезеңінің қорытындылары жан-жақты талқыланды. Биылғы суару маусымы климаттық қолайсыздықтармен, жоғары температурамен және су тапшылығы қаупімен ерекшеленгеніне қарамастан, МСШҮК-ке мүше мемлекеттердің үйлесімді іс-қимылы егістіктерді суаруды тұрақты режимде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тараптар осы тәжірибені жоғары бағалап, алдағы жылдары да осындай бірлескен басқару тәсілдерін жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Кеңесте Нарын–Сырдария су қоймалары каскадының 2025–2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңге арналған болжамды жұмыс кестесі бекітілді. Бұл кесте су қоймаларының толтырылуы, су жіберу режимдері және гидроэнергетикалық қажеттіліктерді ескере отырып әзірленді. Нәтижесінде Шардара су қоймасына келетін болжамды су көлемі бойынша барлық тараптар ортақ шешімге келді. Бұл келісім өңірдегі ауыл шаруашылығын, энергетиканы және экожүйелерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Отырыстың тағы бір маңызды бөлігі — Аралды құтқару халықаралық қорының (АКХҚ) негізін қалаушы мемлекеттер басшыларының тапсырмаларының орындалуы туралы есеп беру. Тұрақты су тапшылығы жағдайында Арал өңірінің экологиялық мәселелері әлі де өткір күйінде қалып отыр, сондықтан бұл бағыттағы үйлестірілген жұмыс аймақ елдері үшін стратегиялық маңызға ие.

Кездесу соңында тараптар су ресурстарын бірлесіп тиімді басқарудың аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі жоғары екенін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. МСШҮК-тің келесі, 92-отырысы 2026 жылы Тәжікстанда өтетін болып белгіленді.

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов кездесу барысында былай деді:
«Өткен суару маусымы күрделі климаттық жағдайда өтті. Алайда МСШҮК құрамындағы мемлекеттердің өзара үйлесімді әрекеттесуі вегетация кезеңін тұрақты өткізуге мүмкіндік берді. Осындай кездесулер арқылы ортақ келісімдер жасалып, алдағы ынтымақтастықтың негізі қаланады. Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірге трансшекаралық су ресурстарын барлық тараптың мүддесін ескере отырып, әділ бөлуге ниеттіміз».

You may also like

Leave a Comment