Су ресурстары және ирригация министрлігі табиғи монополия субъектілерінің тарифтік міндеттемелерді толық орындамауына байланысты олардың тарифтерін уақытша төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шешім суару суын тұтынушыларға көрсетілетін қызмет құнын азайтуға және артық төленген соманы өтеуге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, 18 табиғи монополия субъектісінің тарифтері уақытша төмендетілді. Нәтижесінде суару суын алушыларға жалпы 177 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылады. Түгенделген ұйымдардың 16-сы — каналдар арқылы су беру қызметін көрсетсе, қалған екеуі – гидротехникалық құрылыстар арқылы жерүсті су ағынын реттеумен айналысады.
Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. 2024 жылғы 15 наурызда суару суына тариф белгілеу және реттеу функциялары Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген еді. Осылайша 1 мамырдан бастап ведомство су жеткізу, егістік алқаптарына су беру және гидротехникалық нысандар арқылы су ағынын реттеу бойынша мемлекеттік тарифтік реттеуді өз басқаруына алды.
Жаңа өкілеттіктер аясында министрлік табиғи монополия субъектілерінің 2024 жылға арналған тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуы бойынша 63 есепті қарады. Тексеру нәтижесі жоспарлардың бірқатарында орындалмаған міндеттер, жоспарланған инвестициялардың толық игерілмеуі және қызмет сапасына қатысты кемшіліктер бар екенін көрсетті.
Осыған байланысты министрлік тұтынушылардың құқығын қорғау және тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 18 ұйымға уақытша өтемдік тариф енгізуді мақұлдады. Бұл тарифтердің қолданылу мерзімі – бір жыл.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов табиғи монополия субъектілерінің есептілігіне қатысты талаптарды еске сала отырып:
«Заңға сәйкес бұл ұйымдар жыл сайын 1 мамырға дейін алдыңғы жылы бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есепті министрлікке ұсынуы тиіс. Қазіргі таңда олардың көпшілігінде уақытша өтемақы тарифтері күшіне енді», – деп атап өтті.
Министрліктің айтуынша, аталған шаралар тарифтердің әділдігі мен ашықтығын арттырып қана қоймай, саладағы жауапкершілікті күшейтіп, суару қызметінің тиімділігін көтеруге бағытталған. Ал тұтынушылар үшін бұл – нақты қаржылай жеңілдік пен тарифтік саясаттағы айқындықтың кепілі.
