Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Daismedia.kz

Бүгінде Сауран ауданында мал шаруашылығын қарқынды дамыту бағытында ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Аудан басшылығы саланы модернизациялауды, заманауи талаптарға сай өндірістік алаңдар құруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Осы ретте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюға қызығушылық білдірген отандық және шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, өңірдің әлеуетімен жан-жақты таныстырды. Кездесу барысында делегация Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеріп жатқан, 15 мың бас ірі қара мал ұстауға арналған 30 бордақылау алаңын біріктіретін ірі кешеннің құрылыс барысымен танысты.

Бұл кешен – ауданның мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық жоба. Ол өндірістік қуатты бірнеше есеге арттырып қана қоймай, малды өсіру мен бордақылаудың тиімді технологияларын енгізу арқылы өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай жақсартуды көздейді. Инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде алдағы жылдары осы аумақта 10 мың бас ірі қараға арналған тағы 20 қора салу жоспары бекітілген. Бұл шаралар аудан экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ет өндірісі көлемінің айтарлықтай өсуіне оң ықпал ететіні күтілуде.

Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 2026–2027 жылдар аралығында 292 мал бордақылау алаңын салу жоспары жасалған. Бұл – өңір тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба. Оның басты ерекшелігі – мал шаруашылығына қажетті инфрақұрылымдық жүйелерді (су, электр, жол, ветеринарлық қызмет, жем-шөп логистикасы және т.б.) бір орталыққа шоғырландыру арқылы тиімділікті арттыру. Мұндай тәсіл өндіріс шығындарын едәуір азайтып, фермерлерге қолжетімді қызметтер ұсынуға, сондай-ақ өнім сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар Сауран ауданын еліміздегі заманауи мал шаруашылығы кластерлерінің біріне айналдыруға бағытталған. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның ет өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа экспорттау мүмкіндігін кеңейтеді.

You may also like

Leave a Comment