Елдегі шағын және микробизнес субъектілерін қолдау бағытында қабылданған маңызды шешімдердің бірі арнайы салық режимінің ставкасын 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету. Бұл жаңалық Арыс қаласындағы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіп, олардың жұмысына елеулі жеңілдік әкелмек.
Арыс қаласы кәсіпкерлігі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, қолөнер сияқты көптеген бағытта шағын кәсіп иелері жұмыс істейді. Салық жүктемесінің азаюы олардың бизнесті кеңейтуіне, табысын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын ашуына жол ашады.
2025 жылдың 6 қарашасында Арыс қалалық мәслихатының кезекті сессиясында салық ставкасін төмендету туралы шешім ресми түрде қабылданды. Мәслихатта 13 депутат бар болса, соның 10-ы «AMANAT» партиясының депутаттары. Шешім бір ауыздан қолдау тапты.
Бұл туралы Арыс қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерғазы Медетбеков мәлімдеп, бұл қадамның кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік екенін атап өтті. Оның айтуынша, ставканың екі есе төмендеуі шағын бизнеске нақты қаржылық демеу жасап, олардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Ставканың төмендеуі шағын бизнес үшін тікелей қолдау. Бұрын мемлекетке 4 пайыз төлеген кәсіпкерлер енді сол соманың жартысын ғана төлейді. Үнемделген қаражатты олар бизнесін дамытуға, жабдықтарын жаңартуға немесе тауар бағасын тұрақты ұстап тұруға пайдалана алады.
Бұл шешім сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты күшейтеді деген сенім бар. Қазіргі экономикалық жағдайда шағын кәсіпкерлікке тұрақты табыс қажет. Салықтың азаюы шығындарды төмендетіп, айналым қаражатын көбейтеді, жоспарлауды жеңілдетеді. Бұл әсіресе маусымдық саудамен және қызмет көрсетумен айналысатын арыстық кәсіпкерлер үшін аса маңызды.
Қабылданған өзгерістер көлеңкелі экономиканы азайтуға да ықпал етеді. Салықтың жеңілдеуі кәсіпкерлерді ресми тіркелуге ынталандырады. Бұл бақылаусыз айналымды азайтып, салық түсімдерін тұрақтандырады, экономиканың ашықтығын арттырады. Нәтижесінде Арыс қаласының жергілікті бюджетінің толығуына оң әсер етеді.
Салық ставкасының төмендеуі жаңа кәсіп ашқысы келетін тұрғындарға да үлкен мүмкіндіктер береді. 2 пайыздық жеңілдетілген режим бастауыш кәсіпкерлердің шығынға батып қалу қаупін азайтып, өз ісін ашуға батыл қадам жасауына жол ашады.
Бұл шешім әлеуметтік тұрақтылыққа да оң ықпал етеді. Шағын және орта бизнес дамыған сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артып, қоғамдағы белсенділік күшейеді.
Жалпы, қабылданған шешім Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей серпін бермек. Бұл шағын бизнеске қолдау көрсетіп қана қоймай, қаланың экономикалық белсенділігін арттыратын маңызды қадам.
