Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫ БАЙҚАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫ БАЙҚАЛДЫ

Daismedia.kz

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды аралап, олардың іске асырылу барысымен танысты. Әкім жұмыс сапарында ауданның дамуы үшін ерекше маңызға ие бірнеше нысандарды қарап шықты.

Алдымен, аудан басшысы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарға барды. Бұл жұмыстар аясында көгалдандыру, жарықтандыру жүйелерін жаңарту және тұрғындардың демалуы үшін заманауи ашық алаңдардың құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мұндай жұмыстар ауданның таза әрі көрікті болуына, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Келесі кезеңде әкім Қажымұхан ауыл округінде орналасқан ірі инвестициялық жоба — «Tangshan Huating Ceramics Co. LTD.» компаниясының мал сүйектерін өңдеу зауытының құрылыс алаңына барып, оның жұмыс барысымен танысты. Бұл зауыттың құрылысы ауданға тартылған ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайды және зауытты іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін 80-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өндірілген өнімдер экспортқа бағытталмақ. Бұл жоба аудан экономикасына үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар, әкім Темірлан өндірістік паркінің құрылыс алаңында да болды. Бұл жобаның іске қосылуы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістік алаңдардың пайда болуына ықпал етпек. Аудан экономикасының әртараптандырылуына және кәсіпкерлік саласының өсіп-өркендеуіне жол ашатын бұл жоба көп ұзамай өз нәтижесін береді.

Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі аталған жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол жобалардың халық игілігіне толық қызмет етуі үшін барлық күш-жігерді жұмсау керектігін мәлімдеді.

You may also like

Leave a Comment