Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда. Соңғы кездері өңірде шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер мен келіссөздер жиі өткізіліп келеді. Солардың бірі – құрылыс саласына бағытталған ірі кездесу бүгін Түркістан облысында өтті. Бүгін осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында «Jinhao Group», «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту бағытында тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.
«Jinhao Group» Қытайдың Харбин қаласында орналасқан энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған компания. Оған қоса ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын да қамтиды. Жалпы, компанияның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және жасыл құрылыс салаларында жұмыс жүргізеді.
Қос тарап өкілдері өңірде құрылыс индустриясы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустрилды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу барысында алдағы жұмыс жоспарлары мен жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Шетелдік инвесторлар өңірдің инвестициялық әлеуетіне оң бағасын беріп, Түркістанда құрылыс саласына қатысты бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер әрі қарай жалғасатын болады. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – өңір экономикасын тұрақты дамыту, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді тарту, сондай-ақ құрылыс индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Түркістан облысында шетелдік инвестицияларды тарту мен іскерлік ынтымақтастықты дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде. Жаңа жобалар тек инфрақұрылымды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ашуға және өңірдің халықаралық инвестициялық имиджін көтеруге бағытталған.
Алдағы уақытта тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жалғасатын болады.
