Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП, ӨҢІРГЕ САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП, ӨҢІРГЕ САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің маңызды туристік орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірдегі инфрақұрылымның жаңаруы, жаңа нысандардың іске қосылуы және халықаралық деңгейде ірі іс-шаралар өткізудің мүмкіндіктері артуы – туристер легінің өсіміне тікелей әсер етуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жан-жақты баяндады.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді, – деді Нұралхан Көшеров.

Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түсті. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

99 гектарлық жаңа ипподром
Жыл соңында пайдалануға берілетін бұл нысан халықаралық деңгейдегі ат спорты жарыстарын қабылдауға дайын.
Ипподром аумағында жылқы шаруашылығына арналған кешендер, көрме алаңдары, спорттық және мәдени іс-шараларға арналған инфрақұрылым қарастырылған. Бұл объект өңірді ат спорты туризмінің орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

Түркістан – халықаралық туризм орталығына айналып келеді
Өңірдің танымалдылығы артып, туристік контент жаңарып жатыр. Түркістан әлемге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Көне Түркістан археологиялық аймағы, Қарашаш ана кесенесі, Оқсыз қалашығы, табиғи қорықтар мен ұлттық парктер арқылы танылған. Жаңартылған инфрақұрылым бұл нысандардың қолжетімділігін арттырып, халықаралық деңгейде туристік тартымдылығын күшейтуде.

Түркістан облысының туристік инфрақұрылымының қарқынды дамуы – мемлекеттік саясат пен жергілікті басқарудың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Жаңа жобалар, артқан туристік ағым және рекордтық инвестициялар өңірдің Қазақстандағы туризм орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Алдағы жылдары да Түркістан туризмнің драйвері болып қала беретіні анық. Егер өңірге келушілер саны осылай арта берсе, Түркістан Орталық Азиядағы ең ірі рухани-туристік бағыттардың біріне айналуы әбден мүмкін.

You may also like

Leave a Comment