Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚТЫ ГАЗБЕН, СУМЕН, ЭЛЕКТРМЕН ЖӘНЕ САПАЛЫ ЖОЛМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚТЫ ГАЗБЕН, СУМЕН, ЭЛЕКТРМЕН ЖӘНЕ САПАЛЫ ЖОЛМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Daismedia.kz

Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар қарқын алып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кеңінен баяндады.

– Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған (763 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеннің мәселесін алдағы 3 жылда толық шешу жоспарланған.

Табиғи газбен 1 млн 834 мың адам (563 елді мекен) қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 900 мыңға немесе 88,9%-ға жетпек (600 елді мекен).
2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7%-ға жеткізіледі.

Түркістан облысындағы инфрақұрылымдық жобалар — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық бастамалар. Су, газ, электр және жол саласындағы ауқымды жұмыстар халықтың өмір сапасын арттырып, ауылдық аумақтардың жаңаша даму кезеңіне қадам басуына мүмкіндік беруде.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, Түркістан өңірі өмір сүруге қолайлы, инфрақұрылымы толық дамыған аймаққа айналады.

You may also like

Leave a Comment