Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен жаңа кездесу өткізді. Бұл кездесуге Қытайдың ірі компанияларының өкілдері қатысып, оларға өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Әкім өз сөзінде Түркістан облысының стратегиялық артықшылықтарын, инфрақұрылымдық дамуын және бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті.
Нұралхан Көшеров аймақтың өндіріс саласына шетел компанияларының қатысуын арттыру жоспарын атап өтіп, өңірдің Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік дәлізде орналасқанын айтты. Ол Түркістан облысына инвестиция құю арқылы инвесторлар ірі нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болатынын атап өтті. Сондай-ақ, облыста индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың бар екенін, жаңа зауыттар мен өндірістік қуаттарды дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Инвесторлар тарапынан көлік-логистикалық сала, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, туризм, сондай-ақ күн және су электр станцияларын салу бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды. Кейбір компаниялар дайын жобалар болса, қаржы құюға дайын екендерін білдірді. Кездесу барысында облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты бірқатар мәселелер тыңдалып, инфрақұрылым мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысында инвестициялар тарту және өндіріс орындарын көбейтуге ерекше басымдық берілуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестициялық жобаның пулын құру жоспарланған. Жоба толық іске асқан жағдайда, облыста 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылғы жылы 58 инвестициялық жоба қолға алынған, олардың нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда 34 жобаның іске қосылуы нәтижесінде 4 889 адам жұмыспен қамтылды.
2025 жылға дейін облыстың капиталына 475 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспарланған. II тоқсанның қорытындысымен облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды. Биылғы жылдың 10 айында облысқа тартылған жалпы инвестициялар көлемі 1 178,4 миллиард теңгені құрады.
Түркістан облысының экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері жылдан-жылға кеңейіп, өңірдің өндіріс және инфрақұрылымдық даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашуда.
