Түркістан облысында су тапшылығын азайту, ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру және су ресурстарын тиімді басқару бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының су үнемдейтін технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыста кешенді шаралар жүзеге асырылып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген.
– Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік етеді. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектарға орнатылды. Жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, алда тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Болашақта бұл кәсіпорындар облысты және көршілес өңірлерді толық қамтамасыз етеді.
Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару технологиясын қолдану нәтижесінде өнімділік артып, су екі есе үнемделген.
Облыс аумағында ағын суды жеткізетін ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.
Бұдан бөлек, өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт су қоймасын салу жоспарланған. «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылғанда Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Берілген шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жобалар өңірдің су қауіпсіздігін күшейтіп, аграрлық әлеуетін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу, су қоймаларын салу, каналдарды жөндеу және инновациялық аграрлық жобаларды іске асыру су ресурстарын тиімді және ұзақ мерзімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, өңірдің су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызы бар бастамалар болып табылады.
114 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу — өңірдің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығарып, экономикалық өсімнің тұрақты факторына айналмақ.
