Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсиімен кездесті. Елші мырза Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген болатын. Кездесу барысында екі тарап өзара ынтымақтастық орнату мақсатында бірнеше маңызды мәселелерді талқылады.
Нұралхан Көшеров Ұлыбритания елшісіне Түркістан облысының табиғи, экономикалық және туристік әлеуетін жан-жақты таныстырды. Әкім мырза Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді.
— «Түркі елдерінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіз!» – деп сөзін бастаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «Ұлыбритания Қазақстанның индустрия, энергетика, қаржы, білім, жасыл технологиялар және инновациялар салаларындағы маңызды стратегиялық серіктесі болып табылады. Әсіресе, Ұлыбританиялық «Shell» компаниясының Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларына қатысуы екі ел арасындағы серіктестіктің нығаюына айтарлықтай ықпал етті. 2024 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 миллион АҚШ долларына жетті. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, туризм, индустриалдық өндіріс және көлік логистикасы салаларында көп мүмкіндіктер ұсынады,» – деп айтты.
Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы екендігіне назар аударған Нұралхан Көшеров өңірде жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыс кадрлық әлеуеті жоғары, жұмыс күшін ұсынуға қабілетті екенін және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы әлемдік нарыққа шығу мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, Түркістанның негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бұл аймақтарда жаңа жобалар мен өндіріс салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Көшеров мырза екі ел арасындағы серіктестікті дамыту үшін бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
— «Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары деңгейдегі тауарларды өндіру индустриясын дамыту. Осы бағытта Ұлыбританияның кәсіпкерлерін бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Түркістан облысының әкімдігі инвесторлардың бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайын,» – деп атап өтті Нұралхан Көшеров.
Туризм саласында да Ұлыбританиямен ынтымақтастық орнатуға үлкен мән беріледі. Әкім Нұралхан Көшеров Салли Аксуорси мырзаға Түркістан өңірінің тарихи және мәдени ескерткіштері, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да көрікті орындары туралы мәлімет беріп, инфотурлар ұйымдастыруға шақырды.
— «Туризм саласы бойынша да сіздерден үйренеріміз көп. Арнайы жоспар әзірлеп, инфотур өткізуді ұсынамын,» – деп ұсыныс білдірді облыс әкімі.
Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорси өз кезегінде, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және өңірдің көрікті орындарын аралап көргенін айтып, алған әсерімен бөлісті. Елші оның рухани және тарихи маңызын жоғары бағалағанын және Түркістанның туризм саласындағы үлкен әлеуетін атап өткенін жеткізді.
Сондай-ақ, Салли Аксуорси сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын, екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға мүдделі екенін мәлімдеді. Ол инвесторларға жасалатын мүмкіндіктер туралы тиісті өкілдерге жеткізуге дайын екенін атап өтіп, Ұлыбританияға жұмысқа баратын қазақстандықтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігін айтты.
— «Түркістандағы көрікті орындар мен мәдени мұралар мені терең әсерге бөледі. Сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру, инвестицияларды арттыру бағытындағы ұсыныстарыңызды қарастырамыз. Инвесторларға арналған қолайлы жағдайларды Ұлыбританиядағы өкілдерімізге жеткіземіз,» – деді Салли Аксуорси.
Бұл кездесу Түркістан облысы мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Түркістанның индустриялық, ауыл шаруашылығы, туризм және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мүмкіндіктері халықаралық инвесторлар мен серіктестер үшін үлкен қызығушылық туғызады. Ұлыбританиямен ынтымақтастықты одан әрі дамыту Түркістан облысының экономикасын көтеріп, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашады.
