Түркістан облысы 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін дәлелдеді. Алдын ала жасалған есепке сәйкес, өңірдің жалпы өңірлік өнімі 4,387,8 трлн теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш Түркістан облысын республика бойынша екінші орынға шығарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Нұралхан Көшеров кеңінен баяндап берді.
Оның айтуынша, өнеркәсіп өнім көлемі 1 256,8 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4%-ды құраса, өңдеу өнеркәсібінде 593,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 111,2% деңгейінде қалыптасып, жоспарға қол жеткізілген.
– Біздің басты мақсатымыз – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Өңірде тау — кен өнімі 574,6 млрд. теңге немесе өсім 115,1%-ға жетті. Жоспар (115%) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд. теңгенің өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% деңгейінде орын алды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 млрд. теңге болса, өсімдік шаруашылығында 728,0 млрд. теңгенің өнімі жиналған. Облыс экономикасына, 1178,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 124,2%-ды құрады. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3%-ды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд. теңгеге жетті немесе өсім 128,6% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд. теңгеге жетіп, 124,8%-ға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд. теңгеге жеткен.
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Кедейлік деңгейі 4,4 пайызға төмендеді. Биылғы 10 айда 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.
Бұл — өңір экономикасының тұрақты дамуының әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсер етіп жатқанын айғақтайды.
Түркістан облысының соңғы жылғы көрсеткіштері — өңірдің даму қарқыны тұрақты екенінің нақты дәлелі. Жаңа өндірістер ашу, ауыл шаруашылығын модернизациялау, инфрақұрылымды күшейту және әлеуметтік қолдау шаралары Түркістанды еліміздің экономикалық көшбасшыларының қатарына шығарды.
Алдағы жылдары стратегиялық жобалардың іске асуы өңірдің әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні анық.
