Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған Ордабасы ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жаңа қарқын алды. Аудандағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде тұрғындар 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл – өңір халқының өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдардың болашақ дамуына негіз қалаған маңызды қадам.

Өткен жылы аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жалпы қамту деңгейінің 94,7 пайызы болатын. Ауыз су мәселесін толық шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылды.

Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша бірқатар елді мекендерде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында су құбырлары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындарға үздіксіз және қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Құжаттар құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржыны қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылған. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда.

Ауыз су сапасы – халық денсаулығының, тұрмыс деңгейінің және ауылдардағы әлеуметтік тұрақтылықтың ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Ордабасы ауданында соңғы жылдары атқарылған жұмыстар инфрақұрылымды жаңартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауылдық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, халықтың өмір сапасын жақсартуға мол мүмкіндік берді.

Таза суға қол жеткізудің 100 пайызға жетуі – бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – мыңдаған адамның күнделікті тұрмысындағы қолайлылық, балалардың денсаулығы, ауылдардың тұрақты дамуы және қауіпсіз өмір салты.

Ордабасы ауданында ауыз сумен қамту мәселесінің толық шешімін табуы – өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды белесі. Аудан тұрғындары бүгінде заманауи талаптарға сай таза, сапалы ауыз суды толық көлемде пайдалануда.

Алдағы уақытта да жөндеу жұмыстары мен жаңа жобаларды іске асыру арқылы Ордабасы ауданында инфрақұрылым сапасын арттыру жалғасады.
Елді мекендердің өркендеуіне жол ашқан бұл бастамалар ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment