Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында облыстың туризм саласын дамыту және жаһандық деңгейде ілгерілету мәселелері талқыланды. Форумда «Мультитуризм – өңірдің тұрақты өсуінің драйвері» тақырыбында панельдік отырыс өткізіліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыру және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту жолдары туралы пікір алмасылды.
Түркістан облысы Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихи және мәдени байлықтары мол аймақ ретінде кеңінен танымал. Әсіресе, Түркістан қаласы — Қазақстанның рухани орталығы, бірегей туристік бағыттардың тоғысу орны болып табылады. Әкімнің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форум барысында өңірдің туристік әлеуеті мен болашағына тоқталды.
«Түркістан облысы — туристік потенциалы жоғары, бірегей өңір. Қазіргі таңда облыс орталығы Түркістан қаласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өңір Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі халық ең көп шоғырланған аймақтардың бірі болып табылады. Мысалы, соңғы 5 жылда Түркістанның халқы 1,5 есеге артты. Бұл көрсеткіш облысымыздың демографиялық және экономикалық өсуін айқындайды», — деп атап өтті Зұлпыхар Жолдасов.
Бүгінде, Түркістан облысында 251 орналастыру орны жұмыс істеп, өңірде тарихи-танымдық туризм, экологиялық туризм, сауықтыру туризмі сәтті дамып келеді. Бұл бағыттар облыстың туристік индустриясын дамытуға маңызды үлес қосуда.
Форумның пленарлық сессиясында Түркістан облысының экологиялық, этнографиялық, MICE (Meetings, Incentives, Conferences, and Exhibitions) және спорттық-мәдени туризм салаларын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өңірдің бірегей туристік брендін қалыптастыру және нығайту үшін қажетті шараларды қарастырып, инфрақұрылымды дамыту, адами капиталды кешенді түрде жетілдіру, сондай-ақ халықаралық инвестицияларды тарту бағытында ұсыныстар білдірді.
«Туризмнің әртүрлі бағыттарын дамыту — аймақтың экономикалық әртараптандыруына үлкен ықпал етеді. Бізде тарихи және мәдени байлықтар, табиғи ресурстар, сауықтыру және экологиялық туризм үшін барлық жағдайлар бар. Түркістан облысы бұл салада инновациялық шешімдер мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін дайын. Біз инвесторлармен тығыз жұмыс жасап, бірлесіп облыстың туризм индустриясын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз», — деді Түркістан облысының әкімі.
Форумның пленарлық сессиясында сөз алған шетелдік және отандық сарапшылар Түркістанның туризм саласында үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Олар, сондай-ақ, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын, бұл жұмысқа жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізудің қажеттігін тілге тиек етті.
Түркістан облысының бірегей туристік брендіне экологиялық, этнографиялық және мәдени туризмнің элементтері қосылып, аймақтың даралығын көрсетеді. Бұл жергілікті тұрғындардың мәдениеті мен дәстүрлерін танытуға мүмкіндік береді. Мысалы, Түркістанның экологиялық туризм бағытындағы мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары. Өңірде сафари турлар, табиғи қорықтар мен шатқалдар, сондай-ақ денсаулықты қалпына келтіретін сауықтыру курорттары бар. Бұдан бөлек, облыс бойынша этнографиялық туризмді дамыту, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраларды зерттеу, сонымен қатар ұлттық қолөнерді жаңғыртуға арналған жобалар да жүзеге асырылуда.
MICE туризмін дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Түркістанның тарихи әрі мәдени байлығы мен халықаралық маңызы бар инфрақұрылымы өңірді ірі бизнес-іс-шаралар мен конференциялар өткізу үшін тартымды етеді. Мысалы, облыста әлемдік деңгейдегі конференциялар мен форумдар, бизнес-диалогтар өткізуге арналған алаңдар пайда болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде, тек туристердің ғана емес, сондай-ақ әлемдік инвесторлардың назарын аударады.
Форум барысында бірқатар инвестициялық жобалар таныстырылып, олардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Түркістан облысының туризм саласын дамыту бойынша мемлекеттік және жеке секторлар арасында тығыз ынтымақтастық орнату көзделуде. Әкімдік туризм инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық инвестицияларды тартуды мақсат етеді.
«Туризм саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары да қарастырылған. Біз шетелдік және отандық инвесторларды өңірдің туризм әлеуетін арттыруға шақырамыз. Түркістан қаласы мен облысының басқа да аудандары әлемдік туристік бағыттарға айнала алады, егер біз бірге жұмыс істесек», — деді Зұлпыхар Жолдасов.
Сондай -ақ, форумда «SkyWay LTD» ЖШС директоры – Әсем Қозбағарова, «All Seasons Travel» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры – Жанар Раздан, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері – Ақәділ Тұрсынов, «Fly Arystan» компаниясының сату жөніндегі маманы – Мағжан Мұратбеков, «SCAT Airlines» әуекомпаниясының маршруттық басқару бөлімінің басшысы – Андрей Бибер, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің магистранты – Ахатбек Баубеков баяндама жасап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайтумен халықаралық көлік логистикасын дамыту бағытында пікір алмасып, іске асыру жолдарын қарастырды.
Биыл туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд.теңгені құрады. Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында 47 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл Түркістан облысындағы тарихи орындарға 911,2 мың адам саяхаттап келген. Ал арнайы орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп отыр. Облыста 251 орналастыру орындары мен 117 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді.
Аймақта халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар ұйымдастырып, туристерді тарту мақсатында заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Соның бірі 500 спортшыға арналған Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» каналы ашылды. Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан өңір туризмін дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында түрлі қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Одан бөлек өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Түркістанда әлемдік стандарттарға сай халықаралық әуежай халыққа қызмет көрсетуде.
Одан бөлек, облыс аумағында ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіміне кіретін 4 ерекше қорғалатын табиғи парктер орналасқан. Олардың қатарында «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар.
TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025 халықаралық форумы Түркістан облысының туризм саласын жаңа деңгейге көтеру үшін маңызды қадам болды. Форум барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасын табатынын көрсетеді. Түркістанның ерекше туристік мүмкіндіктерін пайдалану арқылы облыс тек ішкі, сыртқы туристерді тартып қана қоймай, бүкіл Орталық Азиядағы басты туристік орталықтардың біріне айналуға ниетті.
Форумның қорытындысы бойынша, Түркістан облысының туризм саласында халықаралық деңгейде жаңа жобаларды іске асыру, инновациялық технологиялар енгізу және мәдени мұраны сақтай отырып, өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар жасалатыны сөзсіз.
