Түркістан облысының мәдени кеңістігінде өнер мен шығармашылықты дәріптеуге бағытталған маңызды шаралар аз емес. Солардың бірі – дәстүрге айналып үлгерген «Театр – өмір айнасы» облыстық халықтық және үлгілі театрлар байқауы. Биыл бұл өнер додасы қазақ сатирасының абызы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик Көпен Әмірбектің 75 жылдық мерейтойына арналды. Екі күнге созылған ауқымды шараға облыстың барлық аудан-қалаларынан жиналған 15 театр ұжымы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Өнер додасы – шеберлік пен сахналық мәдениет сыналған алаң
Байқау қазақ сатирасының өшпес дәстүрін жаңғыртып, театр өнеріндегі жаңа серпіндерді байқатты. Қатысушыларға қойылған талап та жоғары болды. Сахналық мәдениет, актерлік шеберлік, режиссерлік шешім, қоюшы топтың шығармашылық үйлесімі.
Қазылар алқасы әрбір қойылымды осы критерийлер бойынша бағалап, облыс театрларының қазіргі кәсіби деңгейін саралады. Байқау барысында әзіл мен астарлы ойға құрылған туындылар көптің көңілінен шықты. Әсіресе әлеуметтік мәселелерді сатиралық формада көрсету, заманауи қоғам құбылыстарын шебер бейнелеу, актерлердің эмоциялық жеткізуі ерекше байқалды.
Ордабасы ауданы – биік өнердің биігінен көрінді
Айта кетейік, биылғы байқауда Ордабасы ауданының намысын қорғаған екі бірдей шығармашылық ұжым ерекше көзге түсті. «Темірлан» халық театры – жүлделі І орынға ие болды.
Аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған бұл ұжым көп жылдан бері сахнада табысты еңбек етіп келеді. Биылғы байқауда олар ұсынған қойылым қазылар тарапынан жоғары бағаланып, облыстың ең үздік халық театры мәртебесін иеленді.
Олардың жеңісі – кәсіби дайындықтың, ұжым мүшелерінің бірлігінің және режиссерлік ізденістің нәтижесі.
«Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер үлгілі театры – «Жас жұлдыздар» номинациясы
Өнер әлеміне енді ғана қадам басқан жас буын да биік деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдеді. Балалар мен жасөспірімдердің сахналық мәдениеті, батылдығы мен актерлік шеберлігі ерекше аталды. «Жас жұлдыздар» номинациясы – олардың болашақта үлкен сахналарға жол ашатын алғашқы жетістігі.
Бұл жеңіс – жүйелі еңбектің жемісі
Ордабасы ауданы үшін бұл жеңіс жай ғана марапат емес, аудан мәдениетінің өсіп-өркендеп келе жатқанын айғақтайтын үлкен көрсеткіш. Өнерпаздардың кәсіби дамуына жағдай жасау, жүйелі дайындық пен үздіксіз шығармашылық ізденіс – осы жетістіктің негізгі кілті.
Аудандық мәдениет ұйымдарының қолдауы, режиссерлер мен педагогтардың тиянақты жұмысы, ең бастысы – актерлердің өнерге деген шын берілгендігі жеңістің басты себебі болды.
Өнер – ұлт руханиятының алтын арқауы
Мұндай байқаулар жас буынның театр өнеріне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, халықтық театрлардың дамуына серпін береді. Әсіресе сатира жанры арқылы қоғамның өзекті мәселелерін көтеру, көрерменді ойландыра отырып күлдіру – бүгінгі күні театрдың қоғамдағы рөлін қайта жаңғыртып отыр.
Облыстық деңгейдегі бұл жеңістері Ордабасы ауданының шығармашылық ұжымдарына жаңа шабыт, тың белеске жол ашады. Алдағы уақытта олар республикалық, тіпті халықаралық өнер байқауларында да топ жаратынына сенім мол.
Айта кетейік, Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған.
Көпен Әмірбек — халық ауыз әдебиетінің қайнарынан қанып ішкен қаламгер. Қарапайым ғана мәселенің өзін ол қазақы нақышпен бедерлеп, ұлттық ұғыммен байланыстыра ұсынады.
Саяси сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеген.
Көпен Әмірбек «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ, өзі құрған «Көпен келе жатыр!…» атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған. Оның «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін» атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары бар.
