Түркістан облысының Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша орын алатын аграрлық саланың мамандарына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл жиын сала қызметкерлері үшін үлкен рухани серпіліс сыйлады.
Салтанатты шараға Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, аудандық мәслихат депутаттары, сала ардагерлері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл шаруашылығы саласының үздік мамандары қатысты. Аудан басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін нақты атап өтті. Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Біз де аудан көлемінде өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз. Қытай, Түркия және Австралия елдерінің озық тәжірибелерін пайдалану – уақыт талабы. Табиғаты қолайлы, еңбек күші жеткілікті Сайрам ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есеге арттыруды мақсат етіп отырмыз, – деді Мадияр Оразалиев.
Іс-шара барысында ауданның ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген ауылдық округтері арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, I орын Қарабұлақ ауылдық округіне бұйырса, II орынды Қарасу ауылдық округі, III орынды Манкент ауылдық округі иеленді. Бұл ауылдық округтердің жетістігі – жергілікті еңбеккерлердің тынымсыз еңбегінің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, аграрлық салада ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге жеткен бірқатар азаматтар «Озаттар» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен және «Үздіктер» номинациялары бойынша марапатталды. Марапат иелері өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да ел игілігі жолында еңбек ететіндерін жеткізді.
Салтанатты рәсімнен кейін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздар әсем ән мен күйден шашу шашты. Бұл өз кезегінде еңбек адамдарын жігерлендіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, Сайрам ауданы Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығының жетекші өңірлерінің бірі саналады. Қазіргі таңда ауданда 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл облыстық көрсеткіштің шамамен 10 пайызын құрайды. Ал облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайызы Сайрам ауданының үлесінде.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 10 айдың қорытындысы бойынша ауданда 124,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 136,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл – саладағы оң өсім мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Бұдан бөлек, «AGRO FEST – 2025» облыстық іс-шарасында Сайрам ауданы «Қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан» аталымына ие болды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Ал тамақ өндірісі саласына салынған инвестиция көлемі 9,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өскен.
Жалпы, «Алтын күз – 2025» мерекесі Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Еңбек адамына көрсетілген құрмет пен қолдау – болашақтағы жаңа жетістіктердің берік негізі екені анық.
