Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САРЫАҒАШТА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН 5 ЕЛДІ МЕКЕН ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САРЫАҒАШТА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН 5 ЕЛДІ МЕКЕН ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Daismedia.kz

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тұрғындар үшін аса маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Ауданның Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендерінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі салтанатты түрде іске қосылды. Бұл – жылдар бойы таза ауыз суға зәру болып келген ауыл халқы үшін көптен күткен қуанышты жаңалық.

Салтанатты іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, сала мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі елді мекендерді аралап, жаңа су жүйесінің жұмысымен танысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге үлкен қуанышқа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Таза ауыз су – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасының негізгі кепілі. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл бастама – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Жаңа пайдалануға берілген орталықтандырылған ауыз су жүйесі шамамен 16 мыңға жуық абонентті сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылып, су жүйесінің сапасы мен ұзақ мерзімділігіне ерекше мән берілді.

Айта кету керек, Сарыағаш ауданында барлығы 1 қала мен 13 ауылдық округке қарасты 63 елді мекен бар. Бұған дейін аудан бойынша 50 елді мекен немесе 79,3 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған болатын. Қазіргі таңда қалған 13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған.

Жібек жолы ауылдық округіндегі 5 елді мекенге ауыз су жүйесінің іске қосылуы нәтижесінде Сарыағаш ауданында орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, жалпы көрсеткіш 85,7 пайызды құрады. Бұл – аудан үшін айтарлықтай жоғары нәтиже және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды жетістік.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын ауыз суды тасып пайдалану немесе сапасы күмәнді құдық суына тәуелді болу үлкен қиындық тудырған. Ал жаңа су жүйесінің іске қосылуы олардың күнделікті тұрмысын айтарлықтай жеңілдетіп, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Сарыағаш ауданында алдағы уақытта да ауыз су, жол, электр және өзге де инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барлығы өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылдардың дамуына және халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жүзеге асқан бұл жоба – ел игілігі жолындағы нақты істердің, тұрақты дамудың және халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі болып отыр.

You may also like

Leave a Comment