Түркістан қаласында өткен «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы шеңберінде облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Шығармашыл жастар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жылдық қорытынды марапаттау рәсімі өткізілді. Бұл шара қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын кеңінен насихаттауға, қоғамдағы ізгі істерді қолдауға және соларға лайықты бағасын беруге бағытталды.
Салтанатты жиын Түркістан қаласының «Конгресс холл» кешенінде өтті. Оған Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы міндетін атқарушы Болат Жанәбіл қатысып, еңбектерімен ерекшеленген меценаттарға алғысын білдіріп, марапаттарын табыстады.
Марапаттау рәсімінде аймақтағы ауылдар мен елді мекендерде игі істер жасаған жомарт жандардың қолдауымен жүзеге асқан бірқатар жобалар атап өтілді. Меценаттардың демеушілігімен көптеген жаңа үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар – балабақша мен мектептер салынып, ауылдық жерлерде мешіттер бой көтерді. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және олардың рухани өміріне жаңа серпін беруге зор ықпал еткенін атап өтуге болады.
Бұл марапаттау рәсімі Қазақстанда меценаттық қызметтің маңызын арттырып, қайырымдылықты насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды. Меценаттар өздерінің туған жеріне деген шынайы жанашырлығы мен әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, елдің өркендеуіне қосқан үлесін дәлелдеді. Олар үшін қайырымдылық пен мейірім көрсету – адамгершіліктің басты белгісі әрі басты ұстанымы болып табылады.
Шара барысында көрсетілген өнегелі мысалдар мен атқарылған істер тек меценаттарға ғана емес, барлық азаматтарға үлкен үлгі болары сөзсіз. Түркістан облысындағы осы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа жобаларға жол ашатынына сенім мол.
Меценаттық қызмет – туған жерге деген шынайы махаббат пен қамқорлықтың белгісі.
