Төлеби ауданы Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасын кең көлемде атап өтті. Бұл мереке – жыл бойғы маңдай терімен ел экономикасының дамуына үлес қосқан диқандар мен шаруалардың еңбегін бағалайтын ерекше күн.
Шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, фермерлер, аграрлық кәсіпорындардың өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Ауыл шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының өзегі
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бауыржан Қайратұлы ауыл еңбеккерлерінің ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіндегі рөліне тоқталды.
«Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы саласы нығайып, өңір экономикасы тұрақты дамып келеді. Еңбекке деген ықыластарыңыз бен жерге деген жанашырлықтарыңыз – халқымыздың ырысы мен берекесінің негізгі қайнар көзі», – деді ол өз құттықтауында.
Аудан басшысы аграрлық саланы жаңа бағытта дамытуға сенім білдіріп, алдағы жылдары да ортақ еңбек пен ынтымақтың арқасында тың жетістіктерге жететінін атап өтті.
10 айлық нәтижелер: Агросаладағы тұрақты өсім
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Төлеби ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму динамикасын көрсетті:
— Жалпы өнім көлемі – 45,4 млрд теңге
-Өсімдік шаруашылығы – 21,8 млрд теңге
-Мал шаруашылығы – 23,5 млрд теңге
Инвестициялар көлемі:
-Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына – 4,1 млрд теңге
-Тамақ өнімдері өндірісіне – 1,1 млрд теңге
Егіс алқабы мен өнімділік
-2025 жылы егілген егіс көлемі – 62,2 мың гектар
-Астық өнімділігі – 33,4 мың тонна
Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының тиімді технологияларды енгізіп, өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған еңбегінің нәтижесін айқын көрсетеді.
Индустриалды-инновациялық жобалар мен мал шаруашылығының дамуы
-Ауданда аграрлық инфрақұрылымды нығайту бағытында да маңызды істер атқарылды:
-55 мал бордақылау алаңы ашылды
-16 жанұялық сүт фермасы іске қосылды
-7 шағын құс фермасы жұмысын бастады
Сонымен қатар, «Fish House» ЖШС балық өсіру жобасын 500 млн теңге инвестициямен жүзеге асырып, ауданның агроөнеркәсіптік картасына жаңа бағыт енгізді.
Су шаруашылығында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде:
Каналдар тазаланды
Күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Ветеринариялық қауіпсіздік күшейтілді
Мал шаруашылығы бойынша төрт түлікке 8 түрлі ауруға қарсы екпе жұмыстары жасалып, бруцеллезге кең көлемді тексеру жүргізілді. Бұл шаралар мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Еңбегі бағаланған азаматтар
Мереке барысында ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен үздік мамандарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасы», Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары, Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хаттары, Арнайы дипломдар мен марапаттар табысталды.
Бұл марапаттар – ауылдағы қарапайым еңбек адамының маңдай терін құрметтеу, олардың ел дамуына қосқан үлесін бағалау.
Шаруаларға арналған мерекелік концерт
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасып, ауыл еңбеккерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен жырдан шашу шашылған мереке Төлеби ауданының берекелі еңбегін, ынтымақ пен бірлігін паш етті.
«Алтын күз – 2025» — тек мереке ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының жылдық қорытындысы мен жетістіктерінің көрінісі. Төлеби ауданының еңбекқор шаруалары өз қажырлы еңбегімен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аграрлық саланың тұрақты дамуына үлес қосып келеді.
Бұл мереке — ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, алдағы жаңа белестерге шабыт беретін маңызды күн.
