Елорда төрінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналған ерекше рухтағы, тағылымы терең республикалық «Жұлдыз болғым келеді» вокалдық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл ауқымды мәдени шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып, жас таланттардың өнерін шыңдауға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Аталған байқау – тек өнер сайысы ғана емес, тағдыр тәлкегіне түскен, бірақ жүрегінде үміт пен арман оты бар балаларға үлкен сахнаға жол ашқан, олардың өзіне деген сенімін арттырған жарқын жоба болды. Республика бойынша іріктелген 42 үміткердің әрқайсысы өз өңірінің намысын қорғап, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Осы байқауда Түркістан облысының намысын абыроймен қорғаған Арыс қаласының жас таланты – Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы зор жетістікке жетіп, байқаудың «Жоғары санаттағы “Соло”» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ол Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11-сынып оқушысы.
Ерасылдың орындауындағы ән көрермендер мен қазылар алқасының жүрегіне жол тауып, оның дауыс мүмкіндігі, сахнадағы еркіндігі, музыканы терең сезінуі мен кәсіби деңгейі жоғары бағаланды. Байқау нәтижесінде ол тек Гран-при иеленіп қана қоймай, Дубай қаласына жолдама ұтып алып, өзінің өнер жолындағы үлкен армандарының біріне тағы бір қадам жасады.
Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бұл байқаудың маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Көптеген қатысушы үшін бұл – үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», – деп атап өтті ол.
Өскенбаев Ерасыл – өнерге бейімі жоғары, жан-жақты дамыған оқушы. Ол тек вокалдық қабілетімен ғана емес, сахна мәдениетімен, еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен де ерекшеленеді. Ән айтуға деген қызығушылығы оны түрлі шығармашылық ізденістерге жетелеп, мектепішілік, қалалық және аудандық мәдени іс-шараларда үнемі белсенділік танытуына себеп болды. Әрбір байқауды ол тәжірибе алаңы, өзін жетілдірудің жаңа мүмкіндігі ретінде қабылдайды.
Ерасылдың жетістігі – оның жеке еңбегінің ғана емес, оны қолдап, бағыт-бағдар берген ұстаздары мен тәрбиешілерінің, білім ордасының жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл жеңіс – Арыс қаласының, Түркістан облысының мерейін үстем еткен үлкен мақтаныш.
Жас таланттың бұл жетістігі өзге оқушыларға да үлгі болып, өнерге құштар балалардың арманына сенім ұялатары сөзсіз. «Жұлдыз болғым келеді» байқауы сияқты жобалар жас өрендердің болашағына жол ашып, олардың өміріне жаңа мүмкіндіктер сыйлайтыны анық.
Өнерлі өреніміз Ерасыл Әмірұлына алдағы шығармашылық жолында толағай табыс, биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!
