Home Жаңалықтар ТЕМІРЛАНДАҒЫ ЖАҢА ӨНЕР МЕКТЕБІ- ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН САЛЫНҒАН ӨҢІРДЕГІ ІРІ МӘДЕНИ ЖОБА

ТЕМІРЛАНДАҒЫ ЖАҢА ӨНЕР МЕКТЕБІ- ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН САЛЫНҒАН ӨҢІРДЕГІ ІРІ МӘДЕНИ ЖОБА

Daismedia.kz

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында заман талабына сай салынған жаңа Өнер мектебі есігін айқара ашты. Музыкалық бағытта жұмыс істейтін бұл ірі мәдени нысан – ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін көтеруге, өңірдің жалпы рухани өмірін жаңғыртуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, тұрғындарды құттықтады.

– Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түсуде. Солардың бірін бүгін ашудамыз. Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні айқын. Жаңа нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халықтың игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

2025 жылдың сәуір айында басталған құрылыс желтоқсан айында толық аяқталып, өнерге құштар балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Музыка ғимаратында мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал бар. Сонымен бірге кітапхана, топтық жаттығу, ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған бөлмелермен және музыкалық аспаптар бөлмесімен қамтылған. Екінші қабатында дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі және музыкалық үйірмелер, халық аспаптар бөлмесі, сахна, сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.

Бұл жаңа ғимарат – 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызылды. Соңғы жылдары ескі ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл көрсеткіш оның жобалық қуатынан 2-3 есе асып кеткен еді, ал 45 мұғалім тар, суық, ескірген бөлмелерде жұмыс істеп келген. Енді бұл мәселе толық шешіліп отыр.

Темірландағы жаңа музыка мектебі – ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсіп шығуына жол ашатын ерекше жоба. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналуының жарқын мысалы.

Темірландағы жаңа Өнер мектебінің ашылуы тек бір білім мекемесінің іске қосылуы емес – бұл ауылдың мәдени өмірін жаңарту, жаңа таланттардың өнер әлеміне қадам басуына мүмкіндік беру.

Музыка мен өнерге қызығатын балалар үшін енді жаңа мүмкіндіктер кезеңі басталды. Жарық кабинеттер, кәсіби студиялар, кең сахна – мұның бәрі олардың шығармашылық қабілетін аша түсуге әсер етеді.

Бұл жоба – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналғанының айқын дәлелі. Балалардың болашағына бағытталған осындай нысандардың көптеп ашылуы еліміздің мәдени дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Айта кетейік, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміздегі жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталған. Ал осы қор арқылы Түркістан облысында 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, бір медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізу және өзге де жобалар бар.

You may also like

Leave a Comment