Home Жаңалықтар ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТКЕН ТҮЛКІБАС: «Saumal DE Lux» -ӨҢІРДІҢ ЖАҢА БРЕНДІНЕ АЙНАЛМАҚ

ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТКЕН ТҮЛКІБАС: «Saumal DE Lux» -ӨҢІРДІҢ ЖАҢА БРЕНДІНЕ АЙНАЛМАҚ

Daismedia.kz

Түлкібас ауданы соңғы жылдары Түркістан облысындағы туристік әлеуеті жоғары аймақтардың біріне айналып келеді. Табиғаты тамсандырған, тарихы терең өңір жыл сайын мыңдаған туристі қабылдап, экотуризм мен емдік демалыс бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осындай игі бастамалардың бірі – Пістелі ауылында бой көтеріп жатқан «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені. Бұл жоба ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің туризм картасынан лайықты орын алуға бағытталған стратегиялық нысан ретінде бағалануда.

Саумалмен емдеу және ұлттық туризм: Жобаның негізгі миссиясы
«Saumal DE Lux» кешенінің басты бағыты – саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясындағы демалысты қалпына келтіру және ұлттық тағамдар дәстүрін жаңғырту. Соңғы жылдары саумалдың емдік әрі профилактикалық қасиетіне қызығушылық артып келе жатқаны белгілі. Жоба авторлары да осы ерекшелікті басты артықшылық ретінде ұсынып, табиға емді туризммен ұштастыруды мақсат еткен.

Кешен аумағында туристер мен тұрғындар:
емдік саумал қабылдай алады;
жылқымен серуендеп, иппотерапияға қатыса алады;
табиғи ландшафтты аралап, экотурлық бағыттармен танысады;
ұлттық тағамдармен — таба нан, қолдың майы, табиғи сүт өнімдерімен сусындайды. Бұл тек демалыс орны ғана емес, ұлттық мәдениетті, тұрмыс дәстүрін дәріптейтін көпфункционалды орталыққа айналмақ.

Құрылыс қарқыны: Жұмыстың 80 пайызы аяқталды
Аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы орындалған. Жоба 2026–2027 жылдары үш кезеңмен жүзеге асады.

1-кезең (2026 жыл): Қонақтарды қабылдауға дайындық
Бірінші кезеңде келушілерге арналған негізгі инфрақұрылым аяқталып, 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл кезеңде 1280 шаршы метрлік заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша, әрқайсысы 160 шаршы метрлік 3 ерекше коттедж салынуда. Бұл нысандар аудан тұрғындары мен сырттан келетін қонақтардың сапалы демалысына толық жағдай жасайды.

2-кезең (2026–2027 жылдар): Демалыстың жаңа форматы
Жобаның екінші кезеңінде кешен инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейтіледі. Бұл бағытта заманауи спорт кешені, жазғы ашық бассейн, 10 глемпинг, 5 киіз үй салу жоспарланған.

Глемпинг пен киіз үйлер – соңғы жылдары трендке айналған экотуризм нысандары. Бұл табиғатты сақтай отырып, жайлы және стильді демалыс ұсынуға мүмкіндік береді.

3-кезең: Табиғатпен ықпалдасқан инфрақұрылым
Кешен тек қонақүй немесе дәмхана емес, толыққанды туристік орталыққа айналу үшін табиғи аймақты көріктендіру жұмыстары да назардан тыс қалмаған балық шаруашылығы, Көкбұлақ өзені үстінен 2 аспалы көпір, тау бөктеріндегі 1,5 шақырымдық жаяу жүргінші жолы салынбақ. Бұл инфрақұрылым объектілері туристердің табиғатпен үйлесімді байланысын арттырып, ауданның табиғи ландшафтының тартымдылығын күшейтеді.

Экономикалық және әлеуметтік әсер
Кешеннің іске қосылуы:
өңірге келетін туристер санын арттырады;
жаңа жұмыс орындарын ашады;
жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін күшейтеді;
ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді.

Түлкібас ауданының табиғи ерекшеліктерін туризммен ұштастыру – өңір экономикасының тұрақты өсіміне қол жеткізудің тиімді жолдарының бірі екені дәлелденіп келеді.

Пістелі ауылында салынған «Saumal DE Lux» кешені — Түлкібастың жаңа туристік брендіне айналатыны сөзсіз. Саумалмен емдеу, ұлттық дәстүрді дәріптеу, экотуризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы жылдары ауданның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. 2026 жылы алғашқы кезеңінің ашылуы – өңірдің туризм картасында жаңа белес болмақ.

You may also like

Leave a Comment