Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бекітілген кестеге сәйкес, «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Түркістан облысында тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық және құқықтық мәселелерін уақтылы шешу мақсатында облыс басшылығы тарапынан жеке қабылдаулар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл – халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бекітілген кесте бойынша өтіп отырған жеке қабылдаулардың бірі бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қатысуымен «Ашық әкімдік» кеңсесінде ұйымдастырылды. Қабылдауға келген азаматтар түрлі саладағы мәселелерін, ұсыныстары мен өтініштерін ортаға салып, жауапты мамандардан нақты түсіндіру алды.
ЖЕР УЧАСКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ – БАСТЫ ТАЛҚЫДА
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып Сарыағаш ауданының тұрғындары келді. Олар Ердәуіт ауылындағы теміржол станциясының құрылысына байланысты өздеріне тиесілі жер телімдерінің мемлекет мұқтаждығына жартылай алынуына қарсылық білдірді.
Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарға жерді мемлекет қажетіне иеліктен шығару тәртібін жан-жақты түсіндіріп, заң аясында қандай әрекеттер жүзеге асатынын атап өтті. Әр азаматтың сұрағы жеке қарастырылып, тиісті жауаптар берілді.
БІРКӨЛІКТЕГІ ЗАҢСЫЗ ЖЕР БЕРУ ФАКТІЛЕРІ ЗЕРДЕЛЕНЕДІ
Төлеби ауданынан келген азамат Біркөлік ауылында заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты шағымын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені назарға алып, облыстық Жер қатынастары басқармасына Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп арнайы комиссия құруды тапсырды.
Комиссия заңбұзушылықтарды анықтап, зерттеу жүргізетін болады. Оның нәтижесі бойынша заң шеңберінде нақты шешімдер қабылданатыны айтылды.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ МӘСЕЛЕСІ ДЕ ҚАРАЛДЫ
Қабылдау барысында Түркістан қаласының тұрғындары да жер қатынастары бөлімімен жасалған еңбек келісімшартының орындалуына байланысты туындаған шағымдарын жеткізді. Сонымен қатар жеке сипаттағы өтініштер мен ұсыныстар да қаралды. Әрбір шағым бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, бақылауға алынатыны атап өтілді.
ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ – 77 АЗАМАТ ҚАБЫЛДАНДЫ
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жыл басынан бері 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 77 тұрғынның мәселесін тыңдаған. Қаралған сұрақтардың басым бөлігі жер қатынастарына байланысты – 37 мәселе.
Сонымен қатар: ауыл шаруашылығы саласы бойынша – 17 мәселе, табиғатты қорғау бойынша – 6 мәселе, ветеринария саласына қатысты – 3 мәселе көтерілген. Барлық мәселелер заң талаптарына сәйкес сараланып, тиісті жұмыстар жүргізілген.
ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты түрде жалғасын табады. Облыс әкімі мен оның орынбасарлары халықпен тікелей кездесуді жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.
Қабылдауға жазылудың бірнеше жолы бар:
egov.kz порталы арқылы;
е-otinish бірыңғай базасы арқылы;
немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы.
Тұрғындарды қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүзеге асырады.
Бұл жеке қабылдаулар – азаматтардың мәселесін дер кезінде көтеруге, шешімін табуға және билік жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған тиімді алаң. Облыс басшылығы халықпен кері байланысты күшейту ісін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
