Түркістан облысында дәстүрге айналған «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауы биыл үшінші рет ұйымдастырылып, дін саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандар анықталды. Түркістан облысы дін істері басқармасының бастамасымен өткен бұл шара қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтуға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған іргелі жобалардың бірі болып отыр. Байқаудың мақсаты – дін саласында белсенді жұмыс істеп жүрген шығармашыл, білімді, тәжірибелі мамандарды қолдау, олардың тәжірибесін облыс көлемінде үлгі ретінде тарату және осы сала мамандарына деген қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру.
Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, олардың еңбегін жоғары бағалады. Өз сөзінде ол Түркістан өңірінде рухани құндылықтарды дамытудың, патриотизмді күшейтудің, сондай-ақ ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтудың маңызды бағыт екендігін атап өтті. Сонымен бірге, аймақта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде халықтың діни сауаттылығы артып, радикалды идеологияның алдын алу шаралары күшейіп келе жатқанын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылған ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар – дін саласының қызметкерлері үшін зор ынталандыру, әрі олардың қоғамдағы жауапты жұмысына деген құрметтің белгісі. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге де топ мүшелеріне алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары ұсынылды.
Түркістан облысында дін саласындағы ақпараттық жұмыстың қарқыны жылдан жылға артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен Дін істері басқармасы ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Соның нәтижесінде елімізге белгілі дін ғалымдары, өнер, спорт және мәдениет саласының өкілдері, қоғам белсенділері өңірдің барлық қала және аудандарын аралап, халықпен тікелей жүздесіп, маңызды тақырыптар аясында сұқбаттар ұйымдастыруда.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері 4000-нан аса ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізіліп, оған 330 мыңға жуық облыс тұрғыны қатысқан. Бұл – өңірдегі діни тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстың ауқымын көрсетеді. Кездесулер барысында жастардың діни сауатын арттыру, экстремизмнің алдын алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесі, қоғамдағы жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланып келеді.
«Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауының өткізілуі – хабар тарату, түсіндіру және профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарына жаңа серпін беретін маңызды қадам. Мұндай жобалар дін мамандарының кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қоғамда бейбітшілік, келісім, өзара құрмет құндылықтарын нығайтуға үлес қосады.
Түркістан өңірі алдағы уақытта да діни ахуалды тұрақтандыру, халықпен тікелей жұмыс жүргізу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Байқау жеңімпаздарының жетістігі өзге мамандарға үлгі болып, облыстағы ақпараттық-түсіндіру саласының одан әрі дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
