Home Жаңалықтар ҚАЖЫМҰҚАН КЕСЕНЕСІ

ҚАЖЫМҰҚАН КЕСЕНЕСІ

Daismedia.kz

Қазақ халқының тарихында аты алтын әріппен жазылған біртуар тұлғалардың бірі – Қажымұқан Мұңайтпасов. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, әлемдік деңгейде танылған алып күш иесі, ұлттық рухтың символына айналған дара тұлға. Қажымұқан Мұңайтпасовтың мазары — Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында орналасқан.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған жері мен туған жылы жөнінде тарихи деректерде әртүрлі мәліметтер кездеседі. Көпшілік зерттеулерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Қараөткел ауылында дүниеге келген. Ал кейбір деректерде оның 1883 немесе 1886 жылы туғаны да айтылады. Қалай болғанда да, Қажымұқанның балалық шағы жоқшылық пен ауыр тұрмыс жағдайында өтті.

Жастайынан ерекше күш-қуатымен көзге түскен Қажымұқан ауыл-аймақтарда өткен той-жиындарда күреске түсіп, халықтың ықыласына бөленеді. Осы кезден бастап ол «бала балуан» атанып, күрес өнеріне біржола бет бұрады. Табиғи дарыны мен қажырлы еңбегінің арқасында Қажымұқан уақыт өте келе кәсіби спорт жолына түсті.

1901 жылы Омбы қаласында өткен балуандар жарысында Қажымұқан белгілі атлет Иван Злобинмен белдесіп, оның назарын аударады. Злобин қазақ балуанының ерекше қабілетін байқап, оны атақты балуан әрі жаттықтырушы Иван Владимирович Лебедевке жолықтыруды ұсынады. Осылайша Қажымұқан 1904–1907 жылдары Лебедев мектебінде классикалық күрес пен цирк өнерінің қыр-сырын меңгереді.

Қажымұқан Мұңайтпасов – әлем чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақ балуаны. Ол күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, дүние жүзінің 28 мемлекетін аралап, 56 медаль иеленген. Ресейдің өзінде Қажымұқанға тең келетін балуан болмағаны тарихтан белгілі.

Ол өз заманындағы атақты балуандар – Иван Поддубный, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Алекс Аберг, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды әлем чемпиондарымен қатар жүріп, боз кілемде оларды сан мәрте жеңіп шықты. Мұндай жетістікке жету – нағыз ерлік пен табандылықтың көрінісі еді.

1895 жылы Киев қаласында өткен балуандар күресінде Қажымұқан алғаш рет дүниежүзі чемпионы атағын жеңіп алды. Кейінгі жылдары да оның жеңіс жолы жалғасын тапты:
– 1905 жылы Қытайдың Харбин қаласында жапон чемпионы Саракикиді,
– 1906 жылы Берлинде неміс балуаны Фон Кенигті,
– 1910 жылы әлем чемпионы Ганс-Каванды,
– 1913–1916 жылдары Парижде дүние жүзі чемпионы Стурментті жеңді.

Алайда патшалық Ресейдің отаршыл саясаты қазақ балуанының атының кеңінен танылуына кедергі келтірді. Орыс әкімшілігі бұратана халықтың өкіліне чемпиондық атақтың бұйырғанын құп көрмей, Қажымұқанды өзге ұлт өкілі ретінде күресуге мәжбүрледі. Осылайша ол жарыстарға «Ямагата Мухунури», «Иван Чёрный», «Қара Мұстафа», «Мухан» сияқты түрлі лақап аттармен қатысқан.

1910 жылы Еуропа және Ресей балуандары Америка құрлығына аттанып, Қажымұқан да осы сапарға қатысады. Әсіресе, Аргентина астанасы Буэнос-Айресте ол ерекше өнер көрсетіп, алтын медальмен марапатталды.
1911 жылы Стамбулға барып, түрік балуандарының арасында да өзінің мықтылығын дәлелдеді. Түркі халқының намысын қорғаған бұл сапар Қажымұқанның рухани биіктігін көрсетті.

1913–1914 жылдары ол Иван Поддубный, Иван Заикин, Алекс Аберг сынды әйгілі балуандармен бірге халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Нижний Новгородтағы жарыста басты қарсыласы Вестергард Шмидтті жеңуі – оның спорттық мансабындағы елеулі жеңістердің бірі болды.

Азамат соғысынан кейін Қажымұқан күресті дамытуға ерекше көңіл бөліп, Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды. Алайда 1937 жылы ол кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, ІІХҚ қызметкерлерінің қысымынан қашып, Түркістан мен Өзбекстан жерінде бас сауғалауға мәжбүр болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қажымұқан екі жыл бойы цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомға жуық қаржы жинап, оны майдан қажеттілігіне аударды. Бұл оның елге деген шексіз сүйіспеншілігін дәлелдейтін айқын мысал.

Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында дүниеден өтті. Бүгінде оның рухына деген құрмет ретінде Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып, 1980 жылы мемориалдық музей ашылды. Ал 1986 жылдан бері Қажымұқан Мұңайтпасов атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қажымұқан – тек балуан ғана емес, ол – ұлт рухын көтерген тарихи тұлға, қазақ халқының күш-қайраты мен намысының мәңгілік символы.

You may also like

Leave a Comment